RU

Үкімет әлеуметтен бұрын қорғанысқа қаржыны көбірек бөлмек

Жәрдемақы, жалақыдан бұрын елдің қауіпсіздігі маңызды!  Сондықтан үкімет қорғаныс пен ішкі қауіпсіздікке көбірек қаржы бөлгелі жатыр. Қазына ақшасына жауапты министрлер үш жылдық бюджетті мәжіліске таныстырған. Бірақ депутаттар шенеуніктердің аяқасты әскерге ерекше көңіл бөлуіне таң қалды деп хабарлайды КТК арнасы.

"Денсаулық сақтаудан басқа әлеуметтік салаға бөлінетін ақша 25 пайызға дейін төмендеген. Ал қорғанысқа бөлінген қаржы келесі жылы 20 пайызға, 2020 жылы 57 пайзыға артқан. Халықаралық жағдайға қарасақ, елімізге аса қауіп төніп тұрған жоқ. Мұны қалай түсінеміз?", - дейді мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов елімізге жау шапқалы жатпағанын мойындап отыр. Бірақ келесі жылы әскерилердің жалақысы 25 пайызға артатынын айтты. Яғни, офицерлердің еңбекақысын көбейту үшін бюджеттен артық миллиондар бөлінеді. Шенеуніктер есесіне білім беру, мәдениет саласына қаржыны 25 пайызға дейін қысқартқан.

Тағы оқыңыздар: Қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру үшін неше миллион теңге бөлінеді?

Мұндай үнемдеу депутаттарға аса жақпады. Жалпы, министрлер үш жылдық бюджетті мұнайдың бағасы 45 доллар, ал АҚШ ақшасының теңгеге шаққандағы бағамы 340 теңге болады деп есептеген. Сондай-ақ, үкімет квазимемлекеттік мекемелердің бюджеттің жылда игеріле алмайтын миллиондарын тиімді  жұмсаудың жолын тауыпты.

Ол үшін Ұлттық экономика министрі Бюджет туралы кодекске өзгеріс енгізген.  Сөйтіп құзырлы орган ұлттық компаниялардың шотында бос жатқан қаржыны мемлекеттік акция сатып алу арқылы қайтармақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1615757-ukimet-aleumetten-buryn-qorghanysqa-q.html