RU

Миллионға жуық тұрғыны бар Шымкент қыста жылусыз қалғалы тұр

Шымкент алдағы қыста жылусыз қалмақ. Себебі, миллионға жуық тұрғыны бар қалаға жылу беретін жалғыз 3-ші энергорталықтың газға қарызы бір жарым миллиард теңгеден асқан деп хабарлайды КТК арнасы.

Энергоорталық бұған тұрғындардан жылудың ақысын жинауы тиіс «Қуат жылу-3» мекемесін кінәлайды. Кезінде тұтынушылардан өздері ақша жинап, еш қарызсыз қыстан шығатын акционерлік қоғам, делдал кәсіпорын араға түскелі мәселе көбейіп кетті деп отыр.

"Бұған себеп, "Қуат" жылу орталық-3-ші мемлекеттік мекемесінің уақтылы қарызды жинамағандығына байланысты. 20 қыркүйекке дейін 1 млрд 540 миллион теңгені өтеу керек. Сол қарызды олар өтесе біз газдың алдында қарыздан құтыламыз. Одан кейін біз стансаны жіберуге дайынбыз", - дейді «3-Энергорталық » АҚ бас директорының міндетін атқарушы Сайлаубай Жақыпов.

«Қуат жылу орталық» дегеніңіз бұл энергорталық пен тұрғындар арасындағы делдал. Ондағылар екі жылдан бері тұтынушылардың пайдаланған жылуының ақысын жинаумен айналысады, жылу құбырларын жөндейді. Бірақ, әкімдікке қарасты мемлекеттік кәсіпорын делдал болғалы қарыз қаптаған.

Тағы оқыңыздар: Үкімет әлеуметтен бұрын қорғанысқа қаржыны көбірек бөлмек

Қарыздың миллиардтан асып кеткеніне шенеуніктер жылу ақшасын бермей жатқан тұрғындарды кінәләйді. Бірақ «Қуат жылу орталығы» мен жылу өндірушілер арасында екі жыл бойы тариф бойынша түсінбеушілік болыпты. Енді шаш етек қарыздан құтылу үшін қалалық әкімдік энергоорталықтың өзіне тиесілі бөлігін сатып, берешегін өтемек.

"Қазір  бір 20 пайыз акциясын сатып осы қарызын жабайын деп отырмыз. Алда ондай мәселе кездеспейді. Себебі, қазіргі таңда ресми түрде Монополияға қарсы комитет арқылы тариф орнына келтіріп белгіленді. Енді ондай мәселе туындамайды", - дейді Шымкент қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов.

Мәселені шешу үшін қолдағыны сатып қана құтылуға әуес шенеуніктер он күн ішінде қарызды толық жабамыз деп отыр. Сөйтіп, 15 қазанға дейін Шымкентті түгел жылу маусымына даярламақшы. Қала жылусыз қалмайды деп уәде берген шенеуніктер содан соң қарызға батқан тұрғындарға шүйлікпек. Қазір шымкенттіктердің жылу үшін берешегі 154 миллионға жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1615764-milliongha-zhuyq-turghyny-bar-shymkent-qy.html