RU

Сотталған шенеунік Бауыржан Мусиннің әйелі күйеуі туралы бар шындықты жайып салды

Азаматтық қоғам істері бойынша комитет төрағасының экс-орынбасары Бауыржан Мусиннің 30 жастағы әйелі Мақпал Нұркерімова күйеуі туралы бар шындықты жайып салды. Бұл туралы NUR.KZ порталы NewTimes.kz агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мақпал Нұркерімованың күйеуі өткен аптада сотталушылар қатарынан табылған болатын. Оны кәсіпкерден 400 мың теңге пара алып жатқан жерінен ұстаған. Тергеу бұл параның бір бөлігі ғана екеніне сенімді. Ал оның жалпы сомасы 1,4 млн теңгені құрауы мүмкін.

Мақпалдың күйеуінен төрт баласы бар. Үлкені тоғызға толады, екіншісі жетіде, үшіншісі төртте, ал қызына небәрі 11 ай. Келіншек Бауыржанның бар күшін мансабына сарп еткенін алға тартты.

"Ол бәріне өз күшімен, өз ақылымен қол жеткізді. БАҚ оның тез әрі оңай көтерілгенін жазыпты. Бұл жалған. Ол өз ісінің шебері. Таңғы жетіден түнгі төртке дейін жұмысында болатын. Салдарынан отбасына дұрыстап уақыт та бөле алмайтын. Бауыржан нашар әке әрі нашар күйеу болды. Есесіне тамаша мемлекеттік қызметкер еді", - деп ағынан жарылды Мақпал.

Нұркерімова шенеуніктің жары болу оңай еметсігін алға тартты.

"Белді шенеуніктің әйелі болу оңай емес. БАҚ біздің шалқып өмір сүріп жатқанымызды жазады, алайда бізде түк жоқ. Көлікті несиеге алғанбыз, екі бөлмелі пәтер үш баламыздың болғанының арқасында мемлекеттік бағдарлама бойынша бұйырды. Мен Prado көлігін басқарамын. Себебі, төрт баламен көліксіз жүру қиын. Пәтерде тұрып жатқанымызға үш жыл ғана болды. Жекешелендіріп үлгермедік. Көпбалалы ана ретінде жәрдемақы аламын. Риэлтор болып ақша табамын. Алайда менде, тіпті алтын бұйымдарым да жоқ", - деп ренішін білдірді Мақпал.

Тағы оқыңыздар: Nursultan Aebishuly Nazarbaev: Белгілі саясаткерлердің есімдері латын тілінде қалай жазылады?

Мақпал күйеуімен ажырасып жатқанын да жасырмады.

"Біздің некемізге 9 жыл болды. Қазір ажырасып жатырмыз. Ол үшін мансап қашан да бірінші кезекте болатын. Әйелге махаббат, жылу керек. Бауыржаннан мен мұны сезіне алмадым... Көбі мені күйеуімді ауыр кезеңде тастап, сатқындық жасап жатырсың деп айыптайды. Алайда мен мұны бұрыннан қалайтынмын. 18 қыркүйекте құжатымды аламын да, онымен байланысымды үземін", - дейді әйел.

Дүйсенғұлова Рабиғаның материалынан аударылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1615793-sottalghan-sheneunik-bauyrzhan-musinni.html