RU

Алматы облысында әйелін басынан теуіп, атпен сүйреген ер адам жаға ұстатты

Алматы облысы Райымбек ауданының 30 жастағы тұрғыны заңды некедегі жарының қолын арқанмен байлап, атпен сүйреген деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Жаға ұстар жайтты «Араша» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспананың басшысы Маргарита Өскенбаева айтып берді.

«Өткен демалыста біздің сауықтыру орталығына 30 жастағы бір балалы келіншек келіп түсті. Алғашқы кездегі жағдайы өте ауыр болды. Әйелді заңды некедегі жолдасы аяусыз тепкілеген соң үйінен қашып шығып. Алматыдағы мешітті паналаған. Сол жердегі азаматтар келіншектің түрін көріп, бастан кешкен оқиғасын естіген соң 9000 теңге жинап беріп, бірнеше күн түнеткен. Мешітке келушілердің бірі Гүлназияны (тергеу құпиясына байланысты аты өзгертілді) байқап, біздің баспанаға әкелді. Қазір келіншек өзін аямай сабаған күйеуінің үстінен полицияға арыз түсіріп, медициналық сараптамадан өтіп жатыр.

Тағы оқыңыздар: Ақтауда арнайы жасақ көшелерді қоршауға алды: Куәгерлер атыс пен жаппай төбелес болғанын айтуда (фото, видео)

Ол еркек туған қызы мен жарына қол көтеріп, зорлық көрсеткеніне біраз жыл болған. Гүлназия жетім қыз, іздеуі болмаған соң жолдасы болар болмашы нәрсенің бәрін сылтау етіп, ойынан келгенін жасапты. Әйелін тұрғызып қойып, бес рет пышақ та лақтырған. Құдай қаққанда, суық қару тимеген. Алайда, баласы мен өзінің басындағы аяқ киіммен тепкендегі іздері жарты ай өтсе де  сақталып қалған. Ең сорақысы "төсекті дұрыс жинамадың, қыз тудың" деп сылтауратқан еркек әйелінің қолына қыл арқан салып, атпен сүйрегені. Осыдан соң Гұлназия қатты қорқып, ауылы мен үйін тастап, қалаға қашып келіп отыр»,- деді Маргарита Өскенбаева.

Ашылғанына не бары екі ай ғана болған «Араша» баспанасы әлден-ақ зорлық көрген әйелдерге толып қалыпты. Психолог маманның айтуынша, бұл үйге көбінесе өзге ұлт өкілдері жиі келіп шағым айтады. Ал қазақ әйелдері ауыр халде тұрса да, күйеуінің қылмысын жасырады екен.

«Қазақтың әйелдері күйеуінің ұрғанын айтуды, оның үстінен арыз жазуды «ұят» деп санайды. Жалпы, елімізде соңғы бірер жылда 400-ден астам әйел отбасылық зорлықтың құрбанына айналып, қайтыс болған. Бұл нақты статистика ғана. Ал ел білмей өліп жатқан әйелдер қаншама? Шындығына келсек еліміздегі 10 отбасының сегізінде еркектер әйелдеріне қол көтеруде. Көпшілік әйелді ауылдық жерде ғана, оқымаған, жұмысы жоқтар ғана ұрады деп ойлайды. Біз республика бойынша жұмыс жасаймыз. Бізге шағымданғандардың арасында білдей департамент басшысы да, ұлттық компанияның менеджері де бар. Әйелдерін аяусыз ұратындардың ішінде күштік құрлымдардың азаматтары көп екенін жасырмаймын. Олардың кейбірі тіпті прокуратурада  қызмет атқарады»,- дейді «Араша» үйінің басшысы.

Тұрмыстық зорлықтың құрбаны болғандарға аталған баспана медициналық, психологиялық, құқықтық сынды бірнеше қызмет көрсетіп, жұмыссызын жұмысқа тұрғызып, оқимын дегеніне қолдау көрсетеді.

«Алматы қаласындағы сенім телефонына былтыр қатыгездікке ұшаған 4000-ға жуық әйел көмек сұрап хабарласты. Сенім телефонын білмейтін немесе хабарласқысы келмеген азаматша қаншама? Қазір мемлекеттік және жергілікті биліктің қолдауымен еліміздің 11 өңірінде күйеулерінен зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған осындай орталықтар ашылып жатыр. Бұл баспанада әйелдер алты ай бойы бала-шағасымен тегін тамақтанып тұрады. Сондай-ақ отбасылық қысым көргендердің көпшілігінің құжаты болмайды. Соларға заңгерлер барлық құжатын жасатып, тегін емдеуден өткізеді. Биылдыққа зардап шеккен жиырма әйелге  қол ұшын  беруді жоспарлап отырмыз», -дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Әлия Исимбай Әбдірахманқызы.

Тағы бір айта кетерлігі, «Араша» баспанасы еліміздің кез келген өңірінен келіп көмек сұраған әйелдерді тәулік бойына қабылдап, мәселесі шешіліп, өзі толықтай жазылып шыққанша қала сыртында орналасқан құпия үйде ұстайды екен. Себебі, көптеген күйеулер әйелдері қашып кетсе де артынан қуып жүріп өш алуды әдетке айналдырған. Аса қатыгез азаматтардың ішінде жан-жарының үстіне бензин құйып өртеп жіберуі, жұмыс орнына барып пышақтап тастау сынды жағдайларда кездескен.

"Араша" баспанасының көмегіне жүгінем деушілер үшін: +7 (727) 317 57 17,   +7777 35 90 277 хабарласуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1616357-almaty-oblysynynh-turghyny-qyz-tua-berg.html