RU

Тоңазытқыштан табылған егіз балалардың ата-анасы оларды не үшін өлтіргенін мойындады

Алматыдағы Түрксіб ауданында тоңазытқыштан табылған балаларға қатысты қалалық Ішкі істер департаменті пікір білдірді деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. ІІД баспасөз жетекшісі Салтанат Әзірбектің сөзінше, бір жастан асқан бүлдіршінді өгей әкелері өлтірген.

«Күдіктінің берген жауабында 2016 жылы 12 шілдеде туылған егіздер үнемі жылап, мазаларын кетірген. Жұмыстан шаршап келген азамат балалардың ащы даусына шыдамай тұншықтырып өлтірген. Ал, балалардың анасы Алла Волченко қылмысты көріп тұрып, полицияға шағымданудың орнына, оны жасырған. Полицейлердің болжамынша егіздер үш-төрт күн бұрын көз жұмған», - деді баспасөз жетекшісі.

Тағы оқыңыздар: Екі қазақстандық жігіт АҚШ-тағы ірі қалалардың бірінде жоғалып кетті

Күні кеше ғана «Самал» ықшам ауданынан өзінің есімін де білмейтін кішкентай ұл бала табылған еді. Ювеналды және криминалды полиция оқиға орнына барып, тексеру жүргізді.

Балақай қазір №2 балалар ауруханасында, тексеруден өтіп жатыр, жағдайы қалыпты. Кейін анықталғандай, ол Алла Волченконың үлкен ұлы болып шыққан.

Ал, Волченко болса қолға түскен күдіктіні балаларының әкесі деп отыр. Екеуі де тұрақты жұмыстары бар, тапқандарына ащы су ішкенді ұнатады екен.

Күдікті болса  тергеу кезінде "балаларды өзім өлтірдім" деп бар кінәні мойнына алған. Тағы бір айта кетерлігі, ерлі-зайыптылар қолға түскен сәтте мас болған.

Тағы оқыңыздар: Хиджаб киген алматылық алаяқ әйел елді тақырға отырғызып кеткен

«Күдікті есін жиған кезде жылаңқы балалардан құтылу мақсатында өлтіргенін айтты. Бүлдіршіндер, әсіресе жұмыстан шаршап келіп, демалғысы келгенде жиі мазаларын алғанын бірге тұратын адам да растап отыр. »,- деді Салтанат Әзірбек.

Қазір балалардың анасы да және оның уақытша бірге тұратын күйеуі де қамауға алынған. Екеуінің үстінен қылмыстық кодекстің қос бабы бойынша (адам өлтіру және кәмелет жасына толмаған баланы қауіпті жерге қалдыру) іс қозғалып, тергелуде.

Полицейлердің сөзінше, күдікті есін жинаса да, жасаған қылмысына өкінбейтін көрінеді.

Еске сала кетейік, Түріксіб ауданы пәтерлерінің бірінде тоңазытқыштан екі баланың денесі табылған болатын. Аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде.

Бұған дейін осы пәтерді үш баласы бар әйел адам жалдап тұрыпты.

Кейінірек Алматы полициясы екі баланы өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады. 29 жастағы Өзбекстан азаматы балалардың анасымен бірге тұрыпты. Сонымен бірге, ер адаммен қатар ұсталған балалардың анасы да тергеліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1616506-tonhazytqyshtan-tabylghan-egiz-balalar.html