RU

Алматыда бір ай бұрын жұмбақ жағдайда жоғалған 62 жастағы әйел әлі табылмай жатыр

Алматы іргесіндегі Кеңдала ауылында жоғалған 62 жастағы әйел бір айдан бері әлі табылған жоқ. Кейуана 4 тамызда таңғы сағат 8-дерде үйінен шығып, содан бері оралмаған деп хабарлайды Алматы арнасы.

Қадиша Түсіпованы бала-шағасы мен туыстары шарқ ұрып іздестіруде. Одан қалды 50-ден астам ерікті де қол ұшын созған.

Олар ауыл маңын түгелдей сүзіп шығып, ауруханалар мен мәйітханаға да сұрау салыпты. Алайда, еш нәтижесіз. Әжейден мүлдем хабар-ошар жоқ.

Тағы оқыңыздар: Хиджаб киген алматылық алаяқ әйел елді тақырға отырғызып кеткен

Осы тұста Қадиша Түсіпованың туыстары тәртіп сақшыларының немқұрайлығына налыды.

«Полиция деген қазір білмеймін, 2-ақ опер бар екен. Іздестіруші топтан. Олардың жұмысына көңілім толмайды. Себебі, немқұрайлылық көрсетіп тұрған сияқты. Біз міне қарап жатырмыз деп бір қағаздарды көрсетеді, ол қағазды біз не істейміз? Біз анамызды жоғалтып отырмыз. Білмеймін тіпті, ойыма ештеңе де келмейді, жақсы ой да келмейді», - деді Түсіпованың қызы Меруерт Әбілқасымова.

Айта кетсек, жоғалған әжей "Паркинсон" ауруына шалдыққан және дәрінің көмегімен жүріпті. Ал, кетерінде өзімен мүлдем дәрі-дәрмек алмаған. Сондықтан, бала-шағасы аналарының денсаулығына алаңдап, оны тездетіп табу үшін қайырымды жандардан көмек сұрауда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1616631-almatyda-bir-ay-buryn-zhumbaq-zhaghdayda.html