RU

Сопылық бағытты ұстайтын жігіт қарияның аяғын сүйгендерді ақтап шықты

Меккеден келген қажыны ақ киізге көтеріп, аяғын сүйгендердің видеосының Қазнетті дүрліктіргеніне бірнеше күн болды. Аталған видеодағы әрекетті әркім өзінше түсінді. Біреулер мұны бұрыннан келе жатқан ата-баба дәстүрі, пайғамбар жолы десе, енді біреулер жеке басқа табынушылық, Аллаға серік қосу мен адасушылық десті. Сопылық ағымды ұстанған Дидар Аяпов шулы видеодағы әрекеттің дұрыс екенін айтты.

"Кеше Хазіреті Құрманәлі Ахмет Ишан піріміз қажылыққа барып келді, қазақ елі үшін барып келді. Хазіреті пірлер ешқашан өздерінің қамын ойлағандардан емес. Қазақ елі үшін, қазақ халқы үшін барып келді деп айтуға болады. Қаншама құран хатымдар хадия қылып келді. Ол біздің еліміздің бәлесін көтеруші әуелден  хазірет пірлер болған.  Қай заманда да өзінің әулиелері болған. Киізге отырғызды деген мәселені көтеріп жатыр ғой. Ол деген біздің сана-сезіміміздің, парасатымыздың төменгі дәрежеге түсіп кеткенінің белгісі деп түсінемін оны. Себебі сопылыққа қазір фанатизм деген сөзді пайдаланатын болыпты. Кез-келген салада табынушылық фанатизм болмаса, ол кәсіптің нақышына, өзегіне, жан-дүниесіне жету мүмкін емес. Дінге деген немқұрайлық болғаны үшін, фанатизм болмағаны үшін сәлафизм, вахабизм сияқты неше түрлі ағымдар, дүбаралар пайда болып отыр. Өзінің тарихы мен дініне, жан дүниесіне, тіліне, өзінің қазақтығына фанатизм болғанда мынандай жағдай болмас еді. ", -дейді ол.

Тағы оқыңыздар: Алматы облысында «Аллаху акбар» деп айқайлап жүрген қарулы жігіт жұртты шошытты (видео)

Пірлерінің аяғын сүйгенде тұрған ештеңе жоқ деген желі қолданушысы кешегі ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажы Меккеге барып келгенде де ел-жұрты оның киім-кешегін тәбарак қылып алды дейді.

"Күні кеше қажылыққа барып келген Құнанбай бабаларымызды қажылықтан келгеннен кейін дамабалына дейін тәбарак деп, қасиетті Меккеден келді деп алып кеткендігіне тарих куә. Бұл қажылықтан келген екінінің бірі емес, қарапайым ақсақал бола екен. Қасиетті Пайғамбарымыз с.ғ.с зүрияттарының, хабибтерінің, сахабаларының жатқан жерінен келіп тұр, мүбәрәк аяғын жерге тигізбеу керек деп біз киізге отырғызсақ сондай дәрежеге жетіп қалдық па?!",- дейді Дидар өздерін сынға алғандарға.

Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын қажылықтан келген ақсақалдың аяғын сүйіп, ақ киізге салып көтергендердің елді шошытқанын жазған болатынбыз. Аталған видео ел арасында әлі де қызу талқыға түсіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1617547-ozin-sheykh-dep-ataytyn-zhigit-qariyanynh.html