RU

300-ге жуық курсант салтанатты түрде ант қабылдады (фото)

Отан алдында әскери ант берген 300-ге жуық жас курсант бүгінде оқуларына кірісіп кетті. Өткен сенбіде ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясына оқуға түскен курсанттар Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағында салтантты түрде әскери ант қабылдады.

Ант қабылдау рәсімінде академия бастығы полковник П.Поливанов алғаш болып сөз алып, болашақ шекарашы офицерлерді бүгінгі есте қалар мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Содан кейін, әскери анттың әскери қызметші үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталған Павел Константинович олардың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Содан кейін салтанатты шараға қонақ ретінде шақырылған «Ардагерлер кеңесі» Респуликалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Қазақстан Республикасы қауіпсіздік органдарының құрметті азаматы, отставкадағы генарал-майор Еркін Мұсабаев және Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Арман Қалбековтер сөз сөйлеп, өздерінің жүрек жарды тілектерін жеткізді.

 

Шара кезінде кеше ғана мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан бозбаланың қолына қару алып ант қабылдағанын көрген ата-анасы еріксіз көзіне жас алды. Әрине, бұл ұлының ер жетіп, ел қорғауға жарағанын байқаған ананың қуаныш жасы еді.

Академия алаңында сап түзеген шекарашылардың арасында «Арыстан» арнайы мамандандырылған лицейінің бітірушілері мен Республикалық Б.Момышұлы атындағы әскери мектептің түлектері де және ата-анасынан айырылған отбасыларының балалары да бар.

Курсанттар атынан сөз алған Жәңгір Ұлыкпанның айтуынша, әскери қызметші атану үшін ішінен тілек тілеп, жатпай-тұрмай үздіксіз дайналған. Оның үстіне, кішкентайынан спортпен шұғылданған ол әскери адам болу үшін сабағын жақсы оқып, өзіне жүктелген тапсырмаларды тыңғылықты орындауға дағдыланған екен. Енді міне мінберге көтеріліп қарулас достарының атынан жақсы оқуға және бүгінгі қабылдаған анттарына адалдық танытатынына сенім білдіріп тұр.

Иә, бақтарымен баптары қатар шапқан кешегі оқушының бүгінде соқталдай азамат болып ел қорғауға жарағаны көңілге қуаныш ұялатады. Ең бастысы қайда жүрсе де аман болсын!

Жанат Жабырбеков,

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының

баспасөз хатшысы 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1617805-300-ge-zhuyq-kursant-saltanatty-turde-ant.html