RU

Президент saebiz сөзін қалай дұрыс оқу керектігін айтып берді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 25 таңбадан тұратын латын әліпбиі жобасына қатысты пікірін білдірді деп хабарлайды Baq.kz.

«Кирилл қарпінен латынға өту бәрін алаңдатады. Бұл туралы көп айтылды, біздің ғалымдарымыз ұзақ жұмыс істеді. Барлық тарихты қарап шықты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол латынға өткен көрші елдер мен түркітілдес елдердің тәжірибесін зерттегенін атап өтті.

«Компьютерге бірден қою мүмкін болу үшін «крючок» болмау туралы айтқанмын. Оларда ілгектер, нүкте, қандай да бір үтірлер бар. Қазақ тіліне тән 8 әріп бар, соларды бейнелеу керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент сонымен бірге әліпби жобасы халықпен бірге талқыға түсетінін және бірден қабылданбайтынын атап өтті.

Тағы оқыңыздар: Мемлекет басшысы күзде теңгенің құнсызданатыны туралы қауесетке нүкте қойды

«Халық қатысып, қарастыруы тиіс. Халықтан жасыратын ештеңе жоқ. Парламент бұл сұрақты талқылады, өз ескертпелерін айтты. Қазір егжей-тегжейлі қарастыру керек. Қашан бәтуа болады, сол кезде ғалымдар, тілтанушылар, тарихшылар бір келісімге келеді, сол кезде мен жаңа әліпбиді мәлімдеймін. Бұл дегеніміз әліпби ертеңнен бастап жұмыс істейді деген сөз емес. Кириллица өз рөлін жалғастыра береді, себебі бұл қаріппен біздің жазушыларымыз және басқалар бірнеше шығарма жазған болатын», - деді мемлекет басшысы.

Президент 2022 жылға қарай мектептерде латын әліпбиімен оқыту бірінші сыныптан басталатынын атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы ғаламторда қазақстандықтар арасында дау тудырған диграфтарға да тоқталды.

«Адамдар «сәбіз» сөзіндегі ә әрпін (saebiz) қалай оқимыз деп бас қатырып жүргенге ұқсайды. Ә әрпі ае болып таңбаланады. Олар сонда біз бұл сөзді «саебиз» деп оқуымыз керек пе деп жатқан көрінеді. Олай болса boeing сөзі ағылшынша қалай оқылатынын еске түсірерміз? Ал «мектеп» сөзін ағылшынға қалай оқимыз? Француз тілінде, мәселен, бір дыбысты айту үшін 10 әріп қажет. Сондықтан бұлай айту дұрыс емес (…). Қазақ тілінде щ, ю, я дыбыстары жоқ. Қазақстан Японияны Жапонияны дейді. Ч әрпі, жіңішкелік белгісі, жуан белгісі жоқ. Яғни, біз осы әріптерді қолданып нағыз қазақ тілін бұрмалап жүрміз. Яғни, қазір біз өз тіліміздің негізіне оралып жатырмыз. Бұл мемлекетіміз үшін маңызды оқиға», - деп санайды мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1617851-prezident-saebiz-sozin-qalay-durys-oqu-kere.html