RU

Қаңғырған қазақпыз: Семейлік жалғызбасты ана билікке жанайқайын жеткізді (фото)

Жергілікті биліктен "бір тиын" көмек көрмей жүрген жалғызбасты аналардың бірі - семейлік Маржан Рахманқұлова. Бірнеше жылдан бері пəтер жағалап, жан бағып жүрген келіншек, биліктен еш үміт жоқ екенін айтып, заңдағы кейбір "кемшін тұстармен" келіспейтінін мəлім етті. Ол NUR.KZ порталына билікке деген базынасын жеткізіп, жалғызбасты анаға қандай көмек керек екенін қадап айтты.

Үш баласын асыраймын деп жанұшырған ана, заңдағы мұндай кемшіліктер алдағы уақытта жойылуы тиіс деп санайды.

"Біздің заңдарды түсінбеймін. Мен жалғызбасты анамын. Баспанам жоқ, мемлекет мен сияқты аналарға тым құрыса су, электр энергиясы сияқты коммуналдық шығындарды төлеп беруі тиіс.

Тағы оқыңыздар: Алматы облысында әйелін басынан теуіп, атпен сүйреген ер адам жаға ұстатты

Əкімдіктегілерге барып көмек сұрасаң, олар коммуналдық төлемді мемлекет төлеп беруі үшін, алдымен үйің болуың керек дейді. Егер басымда баспанам болса, осылай жүретін бе едім? Қаңғырған қазаққа ешкім көмектеспейді", - деп налыды жалғызбасты ана.

Сондай-ақ, ол көршісінің де жалғызбасты ана екенін, алайды оның баспанасы болғаны үшін мемлекет барлық коммуналдық шығындарды өз мойнына алғанын, тіпті жыл сайын отынмен қамтамасыз етіп тұратынын жеткізді.

"Көршім де жалғызбасты ана. Туған-туыстары, анасы, барлығы көмектесіп баспана алып берген, бір баласы бар.

Айтайын дегенім, ол кісінің газ, суға кететін қаражатын үкімет төлеп береді. Себебі, ол кісінің үйі бар. Жаныма бататыны неге заң баршаға бірдей емес. Ол да, мен де жалғызбасты анамын. Бірақ көрші әйелге баспанасы бар болғаны үшін мемлекет бірқатар төлемдерді төлеп береді екен. Оны тым құрмаса үйі бар ғой. Біз де не үй жоқ, не қаңғырып жүрсек те, ешкім көмек қолын созатын емес", - дейді семейлік тұрғын.

Ашынған ананың айтуынша, аталған мәселе бойынша, құзырлы органдарға көмек сұрап барғанында, ондағылар "баспанаң жоқ, сəйкесінше ешқандай көмек те көрсете алмаймыз" деп шығарып салған екен.

Тағы оқыңыздар: Ақтауда арнайы жасақ көшелерді қоршауға алды: Куәгерлер атыс пен жаппай төбелес болғанын айтуда (фото, видео)

"Маған да көмектесіп қалар қалар деген үмітпен, əкімдікке бардым. Жалғызбасты ана екенімді, бір баламның мүгедек екенін айттым. Алимент алмаймын, мешіт пен жамағаттың арқасында күн көріп жатырмын деп барлық жағдайымды түсіндірдім.

Сонда айтқандары: ол кісінің үйі бар, сізде үй жоқ дейді. Баспанасы бар адамды ешкім үйінен қуып шықпайды ғой", - деп өз күйінішін жасырмады жалғызбасты ана.

Аталған мəселе бойынша Семей қаласының жұмыспен қамту орталығына хабарласқанымызда, ондағылар заңда "тұрғын-үй субсидиясы" деген ұғымның бар екенін жəне ондай көмек тек баспанасы бар, көмекке зəру жандарға ғана беріледі деп түсіндірді.

"Баспанасы бар болғанымен, материалдық тұрғыда көмекке мұқтаж жандарға тұрғын-үй субсидиясы беріледі.

Тағы оқыңыздар: Назарбаев: Қазақтың баласы есірткіге салынса, қатты қиналамын

Яғни, ондай субсидияға қол жеткізгісі келетіндер алдымен бізге келіп, оған қажет барлық құжаттар тізімін алады. Сосын барлық құжаттар дайын болған соң, оларды аталған тұлғалар ХҚО-на жөнелтеді. ХҚО орталығының мамандары тұрғындардың құжаттарымен танысып, арнайы іс əзірлейді.

Ондай субсидияға су, электр энергиясы сияқты барлық коммуналдық төлемдер мен отынмен қамтамасыз ету сияқты қызмет түрлері кіреді. Ондай субсидияға тек баспанасы бар, яғни, меншігінде тұрғын-үй немесе пəтері бар тұрғындар ғана қол жеткізе алады. Заң солай болғаннан кейін, одан аттап кете алмаймыз", - дейді жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1618323-qanhghyrghan-qazaqpyz-semeylik-zhalghyzb.html