RU

Кенесары туралы тың деректер

Кенесары Қасымов бастаған қазақтар көтерілісінде жаңа деректер пайда болып отыр. Бүгін осы тақырыпта 1946 жылы тарихшы Елтоқ Ділмұхамедов қорғаған ғылыми диссертация қайта басылып шықты.

Кезінде диссертация "Кеңестік саясатқа қарсы" деп табылып, барлық даналары жойылған болатын. Тек балалары бір данасын үйде жасырып келген. Коммунист тарихшылар "Кенесары хан болғысы келгендіктен көтеріліске шықты", - деп келсе, диссертация мүлде басқа шындықты ашады.

1825 жылы атаман Корночеев Саржан Қасымовтың ауылын шауып, 64 адамды өлтірген. Ал араға екі жыл салып, майор Мингряев Әлікей ауылын шауып, 58 адамды бауыздап кеткен. Олардың барлығы Кенесарыға туыстығы бар жандар. Бір қызығы, диссертация осы жерден үзіледі. Ары қарай 16 парағы тілініп алынған. Оны кім алып тастады, ол беттер қазір сақталып қалды ма деген мәселеге келгенде автордың балалары да нақты ештеңе айта алмай отыр.

Отелло Ділмұхамедов - Елтоқ Ділмұхамедовтың ұлы "Жыртылған беттерді біздегі Ғылым академиясынан қарау керек. Өйткені әкем көз жұмғаннан кейін оның мұрасының басым бөлігін архивке тапсырдым. Тәртіп солай еді. Архив қызметкерлері бірден келіп, "біз еңбектің барлығын алып кетеміз" деді".

Мынау - Кенесарының генерал Обручевке жазған хаты. Генералдың көмекшісі Генс Кене ханға тұтқындалған жұбайы Күнімжанды өз қолымен әкеліп тастайды. Сол кезде Кенесары Генс арқылы Обручевке хат беріп жіберген. Хатта "далада ешқандай фотосурет түсірмеуді, бекініс салмауды, бізге қаруланған жасақ жібермеуіңізді сұраймын" деп жазылған. Мынау - Кенесары қимылдарының әскери картасы. Оны патшалық Ресей топогрофтары дайындаған. Мұнда көтеріліс кезіндегі барлық ұрыс алаңдары бар. Енді осы түпнұсқадан көбейтілген жаңа жинақ бір айдың ішінде барлық кітапханаларға таратылатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/161869-kenesary-turaly-tyn-derekter.html