RU

Шымкенттік "ежиктер": Астаналықтар Шымқаланың тұрғындарын қалай атайды?

Еліміздің өзге қалалары секілді ел тұрғындары арасында Астана жайлы да түрлі аңыз-әңгімелер бүгінге дейін айтылып келеді. Қазақстанның бас шаһарын өзге қалардан ерекшелейтін қандай артықшылықтар бар? NUR.KZ порталы Астана жайлы ең қызықты деген 10 деректі назарларыңызға ұсынады.

"Южандар" қаптады: Астананы шымкенттік "ежиктер" жаулап алған

Ел арасында Астананы жергілікті тұрғындардан гөрі, шымкенттіктер жаулап алған деген аңыз тарап кеткен. Алайда елордада тек шымкенттіктер ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тұрғындар өте көп. Бір қызығы, Астанада әр өңір тұрғындары оқшаулана шоғырланған арнайы ықшам аудандар да бой көтеріп келеді. Мәселен, қаланың элиталы аудандарына шымкенттіктер мен батыстықтар қоныстанса, семейліктерге қала шетіндегі «Лесная поляна» ықшам ауданы бұйырыпты.

Жергілікті тұрғындар шымкенттіктерден «қазақша» үйренеді, ал  оңтүстіктегілер болса, керісінше, астаналықтардан «орыс тілінен» сауат ашуды жөн санаған.

Десе де, астаналықтар  оңтүстік тұрғындарын «южан» дегенді қойып, «ежик» деп атауға көшкен. Сондықтан, қала тұрғындарының аузынан оқта-текте «ежик» деген сөзді естіп қалсаңыз, таң қалмаңыз. Бұл қаладағы «южандар» туралы айтылған сөз деп біліңіз.

"Біз – «астаналық» емес, целиноградтықпыз!".

Ақмолалықтар өздерін, «астаналықпыз» деп атағаннан гөрі, «целиноградтықпыз» дегенді ұнатады. Мұнда, тіпті, «целиноградттық бешбармақ, бауырсақ» деген ұғымдар да бар. Тұрғындардың айтуынша, ақмолалық бешбармақ – еттің көп болуымен ерекшеленсе, целиноградтық бауырсақ – дөңгелек әрі үлбіреп тұруымен өзгешеленеді екен.

Да Винчи, Омар Хайям, Абай Құнанбаев: Елордада тұрғын-үй атауларына тарихи тұлғалардың аттары беріледі

Есімі күллі әлемге мәшһүр болған тұлғалар атын тұрғын-үйлерге беруді – тек Астанадан ғана көре аласыз. Мысалы, «Миллениум Парк» ТК-дегі әр үйге – Да Винчи, Омар Хайям, Абай Құнанбаев сынды әйгілі тарихи тұлғалар аты берілген.

Елорда жайлы тағы бір қызық дерек: мұнда сіз Қазақстанның ежелден бастап қазірге дейінгі барлық қала атауларын кездестіре аласыз. Құдды бір Қазақ елінің өткені мен бүгініне саяхаттағандай күй кешесіз. Себебі, шаһардағы көптеген көшелерге ежелгі қала атаулары берілген. Дәлірек айтсақ: Сығанақ, Сауран, Сарайшық, Ақмешіт, Мәңгілік ел (бұрынғы Орынбор), Түркістан, Таскескен, Аягөз т.т.

Тағы бір айта кетер жайт – Астанада әлемнің ең, ең мықты деген қалалары мен елдерінің атауларын кездестіріп жатсаңыз, таң қалмаңыз. Мұнда «Ағылшын», «Италия», «Париж», «Сеул» кварталдарынан бөлек, «Барселона», «Вена», «Австрия» сынды тұрғын-үй кешендерін таба аласыз.

Астаналықтар жаңбырлы күні қолшатырсыз жүреді

Астана қыста ауа-райы қатал, жазда аптап ыстық айлап тұратын, климаты мың түрлі құбылатын шаһар. Аяз, боран, үскірік жел, ызғарлы жел, ыстық жел, қапырық – табиғат-ананың барлық «ғажайыптарын» дәл осы қаладан кездестіресіз. Алайды бір қызығы, астаналықтар ғана жаңбырлы күні қолшатырсыз жүреді. Үскірік аяз бен ызғарлы желге еттері әбден үйренген «целиноградтықтар» жазда жауған жылы жаңбырлы күні қолшатырды керек етпейді.

Ақ жейде, қара костюм, қос-қостан тоқал - елордалық шенеуніктер несімен ерекшеленеді?

"Астана – бай-бағландар мен тоқалдардың қаласы", - дейді өзге өңірлердің тұрғындары. Білдей бір Қазақстанның астанасы болғандықтан онда елдегі байлардың көбі шоғырланатыны заңды. Ал астаналықтар болса, бұл бай-бағландар тек қана қымбат көлікпен, зәулім үймен шектелмейтінін айтады. Олар қос-қостан тоқал алып, олардың әрқайсысына үй алып берген деген сөз де ел арасында жоқ емес.

Жалпы, адуынды атқамінерді қарапайым халықтан ажырату да қиын емес. Көшеден ақ жейде, қара костюм киген адамды көріп қалсаңыз, оны – шекпенді шенеунік дей беріңіз. Жұртшылықтың айтуынша, атқамінерлер қала сыртынан тыс аумақта орналасқан немесе шаһардың қақ ортасындағы элиталы тұрғын үйлерде тұрады.

Астананың басты бәсекелесі - Алматы

Астананың экономикалық, әлеуметтік, мәдениет тұрғысынан да әлемдегі басты қарсыласы – Алматы. Иә, иә, Дели мен Мумбай, Ыстамбұл мен Анкара, Петербор мен Мәскеу сынды, Астана да күні бүгінге дейін Алатау бөктеріндегі мегаполиспен бақталасып келеді. Бұл бәсекелестік, әсіресе, тұрғындар арасында ерекше байқалады. Гүлқала Алматы астана болып тұрғанда, аталған қалаға жаппай көшкен республика тұрғындары ендігі бағытты Астанаға бұрып отыр. Яғни, отандастарымыз жыл сайын Астанаға көптеп көшіп келуде.

Жалпы, түпкілікті алматылық болмаса да, қалада бірер жыл тұрып, өзін «алматылық» дейтін азамат Астанаға келе сала әуелі қос қаланы салыстырумен болады. Неге екені беймәлім, әлгіндей салыстыруда Астана, Алматыдан көп кейін қалып қояды. Содан да болар, Алматыдан көшіп келген «астаналықтар» Алматы десе күні бүгінге дейін, жүрегі жылып, бүйрегі бұрып, алып мегаполисті жандарына жақын тартып тұрады.

«Көпірден кейінгі көше» немесе бір көшенің қос атауы

Көше атауының көпірге дейін бір атаумен, ал көпірден өте сала екінші бір атаумен аталуы тек Астанада ғана бар. Мысалы, сіз Елордадағы элиталы мейрамханалар тізілген «Сарыарқа» көшесімен келе жатып, көпірден асқаннан кейін, аталған көшеңіздің «Тұран» болып өзгеріп сала бергенін көресіз. Дәл сол сияқты, «Кенесары» көшесінің «Абылай ханға», «Р.Қошқарбаев» көшесінің «Сарайшыққа» ұласып кеткенін аңғармай да қаларсыз.

«Астана» күні тек астаналықтар қаладан кетіп қалуға асығады

Тек астаналықтар ғана «Астана күнінде» қаладан жаппай шет жақтағы елді мекендерге ағылып, мерекені көпшілікпен бірге, Елорданың өзінде атап өтуді қаламайды. Себеп біреу – бұл күндері бас шаһарда Қазақстанның өзге өңірлерінен келген қонақтар қаптайды, демек, қаланың барлық саябақтары мен сауда орталықтарында ине шаншар жер болмайды.

Сондықтан, аталмыш мерекені ақмолалықтар отбасымен Бурабай, Зеренді немесе басқа да табиғаты тамаша, ауасы таза жерлерде өткізгенді жөн санайды.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1618777-shymkenttik-ezhikter-astanalyqtar-shym.html