RU

30 жасында 8 баланың анасы атанған түркістандық өзі істейтін емханадағы бар шындықты жайып салды (фото)

Түркістандық 8 баланың анасы жұмыссыз қаламын деп алаңдап отыр. Себебі басшысы қазан айынан бастап  жұмыстан кетесің деп ескерту берген. Кішкентай баласымен далада қалмаудың қамына кірісіп, талай есікті қаққан «Алтын алқа» иегері енді елбасы Назарбаевтан көмек сұрайды. Бір қызығы оның президенттен көмек сұрамақ болғанын естіген басшысы «Қайда барсаң, онда бар. Бәрібір жұмыстан кетесің» деп жауап қатыпты. Бұл туралы көпбалалы ана NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісіне айтып, жанайқайым билік басындағылардың құлағына жетер деген үміті барын да жасырмады.

Түркістандық тұрғын Жанат Ерімбетова небәрі 30 жасында өмірге 8 баланы әкеліп, «Алтын алқа» иегері атанған. Кенжесін дүниеге әкелмес бұрын Түркістан қалалық емханада медбике қызметін атқарып жүрген ол аталған мекемеден декреттік демалысқа шығады. Былтырғы жылдың соңында жұмысқа қайта шыққан ол емханаға жаңа басшы келгелі маза қашқанын айтты.

«Көпбалалы ана ретінде қала әкімінің қабылдауында болып, сол кісінің араласуымен 2015 жылы осы емханаға жұмысқа уақытша қызметкер болып тұрғанмын. Сол кездегі бас дәрігеріміз штат әне-міне боп қалады деп сол күйі тұрақты жұмысқа орын болмады да, декреттен жұмысқа шыққан мен әлі күнге дейін уақытша қызметкер міндетін атқарып келемін» деп ашынған Жанат Ерімбетова  қазан айында жұмыстан кететінімді естігенімде төбемнен жай түскендей болды дейді.

Тағы оқыңыздар: Көкшетауда өз-өзін пышақтап тастамақ болған 70 жастағы кейуана елді дүрліктірді

«Осыншама баламмен қайда барамын? Тағы да шағымымды айтып, қала әкімінің қабылдауында болдым. Ол кісі ешкім де жұмыстан босата алмайтынын айтқанымен, бас дәрігер құлақ асар емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен облыс әкіміне де шағымымды айтып, хат жолдадым. Бас дәрігер Бейбіт Төреханов одан да хабардар. Бар айтатын уәжі - мен уақытша қызметкермін. Иә, біреудің заңды қызмет орны болған соң босатуым қажет екенін мен де жақсы түсінемін. Бірақ мұндағылар штат жоқ деп мені тұрақты жұмысқа қабылдамай отыр. Ал шын мәнінде көріп жүрмін ғой, қаншама адам жұмысқа  қабылданды» деген көпбалалы ана емхананың бас дәрігеріне бұл мәселені қалдырмайтынын айтып, тіпті Денсаулық сақтау министрі мен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін шағымданатынын жеткізіпті.

«Төреханов жүйесіз арыздана берме, қой деді. Министр Біртановқа, президентіміз  Назарбаевқа барамын дедім. Ол кісі "барсаң, бара бер" деп жауап қатты. Денсаулық сақтау министрінің ресми сайтына шағымымды жолдап қойдым. Енді жауап күтіп отырмын. Ақыры мені аяп жатқан жоқ, мен де баратын жерге барамын. Орын жоқ емес, бар»,-деді түркістандық тұрғын.

Шеттей балаларыммен жұмыссыз қалатын болдым деп жанайқайын жеткізген медбикенің мәселесіне қатысты емхана дәрігері Бейбіт Төреханов заңнан аттап, теріс әрекет жасап отырғаным жоқ деп ақталды.

«Жанат Ерімбетова бұл мәселе бойынша 3-4 рет арыз жазды. Менің ол кісіге жұмыстан кететіні туралы айтқаным  рас. Себебі еңбек кодексі бойынша қызметкерге бұл алдын ала ескертілуі қажет. Ол кісіге мән-жай түсіндіріп айтылды. Себебі ол кезінде декреттік демалысқа шыққан қызметкердің орнына уақытша жұмысқа қабылданған. Енді декреттік демалыстағы адам жұмысқа қайта шыққалы отырған соң уақытша қызметкер орынды босатуы тиіс. Егер босатпаса, бала күтімімен демалыста болған қызметкер шағым түсіреді. Біз Ерімбетова Жанаттың жоғары жаққа жазған шағымдарына жауап беріп қойдық. Ондағылар егер заңсыз болса, айтатын еді ғой» деген бас дәрігер  өзіне дейінгі басшы жұмысшыларды орынсыз қабылдап, бүгінде аталған емханада жүзге жуық адам уақытша қызметкер қатарында жүргенін жайып салды. Ал оның барлығына штат қарастырып беру әзірге мүмкін емес деп отыр.

Тағы оқыңыздар: Қос ұлын аяусыз өлтіріп, тоңазытқышқа салып қойған жұбайлар газбен уланып өлмек болған

«Бұл қызметкерлер мен басшылыққа келгенге дейін қабылданып қойған ғой жұмысқа, қазір орын жоқ. Ерімбетованың мәселесін шешудің жалғыз ғана жолы бар. Ары қарай жәннасып, сәтті күндерге дейін орын босап қалғанша, кіргіземін бе деген ой бар, егер декреттік демалысқа шығатын адам болса, соның орнына жұмысқа алуға болады. Ал ол кісі тұрақты жұмыс тауып бер деп талап қойып отыр. Менде орын жоқ. Біреуді заңды орнынан шығара алмаймын. Ешкімді жұмысқа алып жатқан жоқпыз»,-деді бас дәрігер.

Көпбалалы ана болса, штат жоқ дегенге сенбейтінін жеткізді. Айтуынша, соңғы бір жылдың ішінде емханада талай адам жұмыстан босап, орнына жаңа қызметкерлер келген. Енді "Алтын алқа" иегері жұмыссыз қалатын болсам, Назарбаевтың қабылдауына дейін барамын деп бекініп отыр.

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1618953-30-zhasynda-8-balanynh-anasy-atanghan-turki.html