RU

Алматыда атышулы Мақсат Үсенов есірткімен ұсталды (фото)

Талай рет жол апатына себепкер болса да, жазадан оңай құтылатын Мақсат Үсенов елді тағы шулатты. Ол енді есірткімен ұсталды деп хабарлайды patrul.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында атышулы Үсеновтің есірткі пайдаланғаны жөнінде іс қаралды. Полицейлер Үсеновтің қалтасынан сіріңкенің қорабындағы жасыл, ерекше иісі бар шөпті тауып алған.

Кейін мұның марихуана екендігі белгілі болды. Сотта Үсенов өзінің есірткі шеккенін мойындады. Ол өзінің марихуананы алғаш рет шеккенін айтып, бұдан былай қайталамауға уәде берді.

Бәрінен бұрын Үсеновтің соттағы жауабы қызық болды. Ол Алматыдағы мейрамханалардың бірінде түстеніп, көшеде жаяу серуендемек болған. Кенет Әуезов көшесінің бойында ол жерде жатқан сіріңке қорабын теуіп жіберген.

Тағы оқыңыздар: Өзбекстанда мектеп директорларын шапалақпен ұрған әкім елді дүрліктірді (видео)

Сол кезде сіріңкенің қорабынан жасыл түсті шөп шығады. Содан соң, қорапты қалтасына салып, интернет клубқа барған ол кассирге ақша төлейтін кезде ғана қалтасында ерекше шөптің барын есіне түсіріпті.

Кейін Үсенов сыртқа шығып, өмірінде бірінші рет марихуана шеккенін айтады. Медициналық сараптама қорытындысы Үсеновтің есірткі қабылдағанын растады.

Сот Үсенов Мақсат Қажымұратұлын кінәлі деп тауып, 453 800 теңге көлемінде айыппұл салды. Алайда, Үсеновтің есірткіні көшеде шеккеніне дәлел болмаған соң, сот Қылмыстық кодекстің 296-шы бабындағы бірінші бөлігін қолданған жоқ.

Еске сала кетейік, Мақсаттың әкесі Қажымұрат Үсенов ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясында жұмыс істеп, қаржы жымқырғаны үшін сотталған болатын. Алайда, сәуір айында ол рақымшылыққа ілігіп, босап шықты.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1618971-almatyda-atyshuly-maqsat-usenov-esirt.html