RU

Шымкенттік белсенділер жылуды қымбаттатқаны үшін қала әкімін "Алғыс хатпен" марапаттады

Миллионға жуық халқы бар Шымкент қаласы алдағы қыста жылусыз қалғалы тұр деген ақпарат тұрғындарды бейжай қалдыра алмады. Ашынған белсенділер бүгін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты халықтың жағдайына алаңдамай отыр деп, шаһар басшысы өз қателігін түсінер деген оймен өз аттарынан Алғыс хат табыстап кетті деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

«Әкімге алғыс айтуға келіп отырмыз. Мақсатымыз: қала басшысы тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы қарсаңында үлкен жетістікке жетіп отыр. Үлкен жетістік деп отырғаным, жуырда Шымкент тұрғындарының жылусыз қалу қаупі бары туралы ақпарат тарады. Себебі жылу мекемесіне халықтың берешегі бар екен. Оған дейін де тариф көтерілген. Оны Алғыс хатта көрсеттік.

Қала әкімі енді ойланатын шығар, ең бірінші халықтың жағдайын ойлау керек қой. Президентіміз ол кісіні қала халқына жағдай жасасын, идеяларымен бөліссін деп жіберді. Сол үшін ол мемлекет есебінен жалақы алып отыр. Халықты тыңдасын, санассын», - деген белсенді Сүйін Абулдаев Алғыс хат мәтінін де оқып берді.

Тағы оқыңыздар: Лукашенко ауа райын дәл айтпағаны үшін синоптиктерді жұмыстан қумақ

«Шымкент қаласына әкім болып қызметке келгелі коммуналдық сала монополистері жылу бағасын қатты көтерді, осыған байланысты қоғамдық дауға қала басшысы бола тұра ешқандай үн қатпай шетте қалдыңыз. Енді міне, су бағасы көтеріліп жатыр, бұған да алаңдайтын ойыңыз жоқ. Сіз келгенде қала халқының жағдайы жақсаратын болды деп үміттенген едік. Олай болмай шықты. Міне, сіздің арқаңызда шымкенттіктер биылғы қыстан қалай өтетінін білмей қатты қиналуда...», - делінген мәтінде.

Қала әкімдігіне жиналған белсенділерді ешкім құшақ жая қарсы алған жоқ. Сүйін Абулдаев әріптесімен бірге бұл Алғыс хатты әкімнің өз қолына табыстай алмады. Себебі қабылдауына арнайы жазылу шарт. Дегенмен аппарат басшысы Рашид Аюпов белсенділердің аманатын өзі қабылдап алды.

Бір қызығы, Әбдірахымов мырзаға алғыс айтып келгендерді әкімдік өкілі Аюпов өздеріне жарнама жасап жүр деп те ойлап қалды.

Тағы оқыңыздар: Солтүстік Корея Жапония мен АҚШ-ты "жер бетінен жоқ қылатынын" мәлімдеді

«Жарайсың, танымалдылық па не ол? Телевизорға түсу ме, газетке шығу ма? Азамат ретінде қабылдауға келмейсің бе? Айтпайсың ба ойыңды?», - деді аппарат басшысы.

Белсенді Сүйін Абулдаев Алғыс хатты табыстауға өзгелер де ниет білдіргенін атап өтті.

"Біз білдірмегенде кім білдіреді алғысты? Көп адамдар шақыруға болатын еді, білесіздер билікке өзіміздің ұсыныс-пікірімізді айтып, наразылық танытатын болсақ, полиция қызметкерлерін көптеп әкеп қояды. Бізге ондай қажет емес", - деп сөзін түйді белсенді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1618972-zhaghday-zhasamaghany-ushin-shymkenttik.html