RU

Көптен күткен кездесу: Головкин-Альварес жекпе-жегі (тікелей эфир)

Бүгін, 17 қыркүйек күні орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес арасында күллі әлем тағатсыздана күткен жекпе-жек өтті.

Тартысты жекпе-жек аяқталды. Жанкүйерлер төрешілер шешімін тағатсыздана күтуде.

12 раунд.

Екеуі де әбден шаршаса керек, қайта-қайта "құшақтасып" қала берді.

11 раунд.

Кездесудің аяқталуына санаулы секундтар қалғанына қарамастан екі боксшы да белсенділік танытпады.

10 раунд.

Головкин де, Альварес те ашық айқасқа шығып, қорғанысты азайтты.

9 раунд.

Тоғызыншы раундты қос боксшы да бірдей дәрежеде өткізді. Дәл соққыларымен алмасып та үлгерді.

8 раунд.

Аталмыш кезеңде Альварес Головкинге бірнеше соққысын дарытты.

7 раунд.

Бұл раундта қос боксшының белсенділігі азайды. Дегенмен Головкиннің соққылары қарсыласына қарағанда дөп тиіп жатты.

6 раунд.

Жекпе-жектің жарты бөлігі артта қалды. Жанкүйерлер әлі де нокаут күтіп отыр.

5 раунд.

Бұл кезеңде Геннадий жекпе-жектегі басымдығын арттыруын жалғастырды. Ол мексикалықты бұрышқа тақап алып, біраз соққысын тигізіп үлгерді.

4 раунд.

Төртінші раундта Головкин көбірек шабуылдады. Ал Канело болса сәл шаршағандай.

3 раунд.

Жекпе-жектің үшінші бөлігінде Головкин басты назарды қорғанысқа аударды. Дегенмен үшінші раундтың орта тұсында GGG тізгінді өз қолына алды. Альврестің қорғанысы мығым.

2 раунд.

Қос боксшы да аса  дайындықпен келгені көрініп тұр. Әзірге тең түсуде.

1 раунд. 

Кездесу бастала салысымен аренадағы жанкүйерлер шуласа кетті.

Головкин мексикалық«Канело» Альвареске қарсы жекпе-жек алдында НВО арнасына кішігірім сұхбат берді.

«Мен нағыз айқасқа, төбелеске дайынмын», - деді қазақстандық боксшы.

Бокс кешінің басты кездесуі басталар уақытқа санаулы секундтар ғана қалды. Қазақстан әнұраны орындалған сәтте күллі арена орындарынан тік тұрып, құрмет көрсетті.

Головкин жекпе-жек өтетін орынға келіп жеткен. Ол қазір дайындық үстінде.

Лас-Вегастың 20 мың адамдық T-Mobile аренасында өтіп жатқан бокс кешінің басты кездесуі Астана уақыты бойынша сағат 08:50-де басталды.

Жекпе-жекті тікелей эфирден Qazaqstan және QazSport телеарналары көрсетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1619691-kopten-kutken-kezdesu-golovkin-alva.html