RU

Атақты боксшы Альвареске 118 ұпай берген төрешіні жұмыстан қууды талап етті

Бірінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы Теренс Кроуфорд Сауль Альвареске 118-110 ұпай беріп, жекпе-жекті мексикалықтың пайдасына шешкен төрешіні жұмыстан босатуды талап етті.

"118-110 деген төрешіні мүмкіндігінше тезірек жұмыстан босату керек", - деп жазды Кроуфорд Twitter парақшасында.

Альвареске жақтасқан төрешінің аты-жөні - Аделаида Берд. Ал Дэйв Моретти 115-113 есебімен жеңісті Головкинге берген болатын. Үшінші төреші Дон Трелл 114-114 деген нәтиже шығарды.

Тағы оқыңыздар: Канело: Головкиннің "жойқын соққысын" сезінген жоқпын

Естеріңізге сала кетейік, кеше Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өткен бокс кешінің басты кездесуі - Головкин мен Канело арасындағы жекпе-жек 12 раундқа созылып, ешкім күтпеген нәтижемен аяқталған еді.

Төрешілер екі боксшының қайсысы басым болғанын анық көрсетпей, тең түсті деген баға берді.  Осыдан соң, ұйымдастырушылар Аделаида Бердтен Канелоға 118 ұпайды қандай негізге сүйеніп бергенін сұрайтынын айтты.

Осылайша, 37 жекпе-жегін тек жеңіспен аяқтап келген Головкин спорттағы мансабында алғаш рет теңдей жұдырықтасты.

Ал осы уақытқа дейін 49 кездесу өткізіп үлгерген "Канело" осымен екінші рет қарсыласымен тең түсті деген нәтиже көрсетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1620007-aygili-boksshy-alvareske-118-upay-bergen.html