RU

Назарбаев: Жеңілген адам үнемі біреуді кінәлайды

Мемлекет басшысы жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарына қатысып жатқан Қазақстанның спорт делегациясымен кездесті деп хабарлайды NUR.KZ порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мұнда ойындарға қатысып жатқан елдердің ең үздік спортшылары келіп отыр. Біздің құрамада да көптеген танымал чемпиондар бар", – деген Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан елімізде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, салауатты ұлт қалыптастыру үшін отандық атлеттеріміздің жетістіктері маңызды екенін атап өтті.

"Қазақстанның барлық өңірінде түрлі спорт нысандары салынуда, атлеттеріміз жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысуда. Араларыңызда жетістіктерге жеткен әйгілі спортшылар бар. Біздің жастарымыз – дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шығып жатыр. Жалпы, жас жеткіншіктер сіздердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұғылдануға ұмтылатын болады. Ол салауатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі болуларыңыз керек", – деді президент.

Тағы оқыңыздар: Елордадағы құрылыста қаза тапқандар Өзбекстан азаматтары болып шықты

Сонымен қатар, мемлекет басшысы бүгінгі Головкин мен Альварестің шаршы алаңдағы жекпе-жегіне де тоқталды.

«Бүгін барлықтарыңыз Головкинге жанкүйер болдыңыздар ма? Мен бастан аяқ көрдім.

Ол жеңген сияқты деп дауласып жатыр. Барлық уақытта солай айтылады. Әр кезде жеңіске жетпегеніне біреуді кінәлайды.

Платон «Адам өзінен бұрын Құдайды, тағдырын, үкіметті айыптап шыға келеді» деп айтып кеткен. Сондықтан да ең дұрысы жаттығып, жеңіске жету үшін айқын басымдық көрсету керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу соңында президент спортшыларымызға жеңіс тіледі.

«Қазіргі уақытта бұл өте маңызды сала. Мен спортты, сендерді қолдаймын. Өйткені болашақ сендердің, жастардың қолында», - деді Елбасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1620255-nazarbaev-zhenhilgen-adam-unemi-bireud.html