RU

Бейжіңде қытайлық азаматты құтқарып қалған қазақ жігіті әлем назарын аударды (фото)

Бейжіңде қазақстандық дәрігер өлім ауызындағы қытайды құтқарып қалды. Отандасымыздың ерлігі туралы ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Өйткені Қытайда көшеде оқыс оқиғаға тап болған азаматқа қол ұшын беруге ешкім асықпайды. Себебі көмек берушінің өзіне кейін кінә артып жіберуі мүмкін.

Ғалымжан сол күні әдеттегідей таңертең жұмысқа асығып, метроға түседі. Кіреберісте платформада ес-түссіз жатқан қарт адамды байқап, бірден көмекке ұмтылған ол мамандығы дәрігер болған соң диагноз қойып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

"Бұл кісінің жүрегімен мәселе болды деп түсіндім. Өйткені жасы үлкен, 80 жастағы кісі еді. Кеудесіне қолымды қойып, массаж жасай бастадым. Отыз рет жасаған соң ауызын ашып дем бердім. Осыны бір он минуттай қайталадық", - дейді Бейжің нейроxирургия ауруxанасының магистрі Ғалымжан Исабеков.

Тағы оқыңыздар: Елордада жұмысшылары қаза тапқан құрылыс нысанының басшысы қамауға алынды

Ғалымжанның бірден көмекке ұмтылғанына науқас жанның туыстары алғыс айтты. Олар отандасымыздың азаматтық ұстанымына разы болған. Өйткені оқыс оқиғаға тап болған жанға көбі көмекке асықпайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай қоғамында үлкен резонанс тудырған Кішкентай Йо йо оқиғасы соған мысал болды. Йо йо есімді екі жасар баланы көшеде көлік қағып кетеді. Тыпырлап жатқан кішкентай баланы 8 минуттың ішінде 18 адам көрсе де көмектеспеген. Мұндай мысалдар жетіп артылады.

"«Көмектесемін» деп барсаң, керісінше сені соттатып жібереді. Сен маған жаман нәрсе істедің, сен өйттің-бүйттің деп. Сол үшін көптеген қытайлар сондай жағдай болып жатса барғысы келмейді. Бірақ менің ойымша, біз медициналық қызметкер болғаннан кейін әрқашанда үлгілі қызмет көрсетуіміз керек, бұл біздің борышымыз", - дейді Ғалымжан.

Тағы оқыңыздар: Сапарбаев өрт сөндіремін деп ажал құшқан әкім мен жұмысшылардың үйіне көңіл айтты

Жерлесіміздің ештеңеден қорықпастан, шын көңілмен көмек көрсеткеніне метро қызметкерлері де разы. Тіпті сол жердегі Чэн есімді күзетші «ертең бәле жауып жатса, мен сені қорғап куәгер боламын» деп, телефон нөмірін қалдырған.

"Мен көптеген қазақ студенттерін танимын. Олар мейірімді және көмектесуге үнемі дайын тұрады. Ғалымжанның метрода қытайлық қартты құтқарғанына риза болдым. Өйткені мұндай әрекет қазір екінің бірінің қолынан келе бермейді", - дейді Бейжің тұрғындарының бірі.

«Бейжің таңы» газеті Ғалымжан туралы көлемді мақала жазды. Мұнда «қазақстандық студент-магистрдің кәсіби шеберлігі ғана емес, мейірімді жүрегі көпке үлгі» деп жазылған. Сөйтіп, 10 жылдан бері Бейжіңде білім алып, нейрохирургиялық ауруханада жұмыс істейтін Ғалымжан миллиондаған қытайдың алғысына бөленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1620395-beyzhinhde-qytaylyq-azamatty-qutqaryp.html