RU

Ораза айты мүбәрак болсын!

Ертең - исі мұсылман үшін ұлық мереке - Ораза айты басталады.

Бұл - адам баласына парыз етіп берілген 30 күн оразаның тамам болып, жаңа ай есік қағып келді деген сөз. Ертең Алматы қаласы мешіттерінде таңғы сағат 7-де айт намазы оқылады.

Қапы қалмаңыздар! Ораза айты үш күнге созылады. Бұл күндері мұсылман бауырлардың мешітке барып, Құран оқып, үйде дастарқан жайып, қонақ күтіп, тұрмысы төмен жандарға садақа беріп, барынша сауабы мол іс-әрекеттер атқарғаны абзал.

Ораза айтын кей ғалымдар Ифтар (ауызашар) айты деп атайды.

Ораза айтын кей ғалымдар Ифтар (ауызашар) айты деп атайды. Бұл жалпыхалықтық ауызашар беру деген мағынаны береді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінде айт мейрамына Раббыны еске алу, тағам жеп, сусын ішу, қонақ күту тән екендігі айтылған.

Рамазан айында ораза ұстау арқылы адамдардың бір-бірімен аралас-құраластығы арта түседі. Барша мұсылмандардың бір уақытта ауыз бекітіп, ауызашар уақытын бірге күтулері, сәресіге тұрып, тарауих намазын жамағатпен оқуы, Қадір түнін қарсы алып, Айт мерекесін бірге атап өтуі бауырластықты нығайтып, мұсылмандарды өзара шынайы сүйіспеншілікке бастайтыны анық.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай деген: "Бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне жан ашуда, бір-бірлеріне мейірімділік таныту тұрғысында мүминдер тұтас бір ағза секілді. Дененің бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері қосыла сыздайды".

Пайғамбарымыздың терең мағыналы бұл хадисі мүминдердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоғамдағы бірлік пен татулықтың арта түсуіне үлес қосатындығының бірден-бір дәлелі болса керек. Отбасы мүшелерінің түгелдей дастарқан басында ауызашар уақытын күтуі, арадағы бауырмалдықты нығайта түседі. Ислам дінінің бүкіл отбасы мүшелерін ауызашарда дастарқан басына жинауының әрі бірге ауызашар уақытын күттіруінің астарындағы бір хикмет осы тәрізді. Ауызашар уақытты күту отбасы мүшелерін ғана емес, бірқатар қонақтар мен тамыр-таныс, дос-жарандардың да арасындағы сүйіспеншілік пен бауырластықты арттырады.

Оразаның ең үлкен пайдаларының бірі - адамды сабырлы болуға үйретуі.

Оразаның ең үлкен пайдаларының бірі - адамды сабырлы болуға үйретуі. Ауыз бекіту кісіні төзімділікке баулиды. Өйткені ол күні бойы қарны ашса да, ештеңе жемейді, шөлдесе де су ішпейді, өзіне жамандық жасағандарға "Мен ауыз бекітіп жүрген адаммын" деп қана жауап қатады. Жүйкесі жұқарған жан сабырсыз, шыдамсыз келеді. Ұрыс-керіс, төбелестің, қылмыстың көпшілігі тез ашуланудан, сабырсыздықтан туады. Бұл жөнінде хадис шәріпте "Ораза - сабырдың, сабыр болса - иманның жартысы" делінген.

ештеңе жемейді, шөлдесе де су ішпейді, өзіне жамандық жасағандарға "Мен ауыз бекітіп жүрген адаммын" деп қана жауап қатады

Демек, оразаның иманнан туындайтыны аңғарылуда. Иманды жан иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы мол.

Оразамен аштыққа, шөлге, өзге де түрлі ауыртпалықтарға шыдай алған адам тосын жағдаяттарға тап болғанда көп мұқала қоймайды. Ораза қиындықтарға шыдауға әбден шыңдалған, нәпсісіне ие бола алатын, ақиқатты өмірлік ұстаным деп біліп, одан таймайтын сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап кісілер тәрбиелеуде үлкен рөл ойнайды. Ауыз бекіткен мүмин реттілікке дағдылана бастайды. Белгілі уақытта ғана тамақтанып, қалған уақытта бұдан бойын аулақ салады.

Ораза ұстап жүрген кездің өзінде намаздарына мұқият көңіл бөлуі, барша иманды кісілермен бір уақытты күтіп, сол уақытта сәреге тұру, тарауих намазын оқу - бұлардың барлығы да оны реттілікке дағдыландыратын істер. Осыдан барып адам уақытын жақсы үнемдеуді үйреніп, реттілікпен жүйелілікті өмірінің басты ұстанымына айналдыра бастайды. Адам - тәнмен қатар рухқа да ие болмыс. Тәнінің материалдық нәрселерге қажеттілігі болғаны сияқты рухтың да кемелдену үшін қажеттіліктері бар. Адамның рухани жағын кемелдендіретін, ой-санасын жүйелендіретін, нәпсілік қалауларын тізгіндеуге себеп болып Жаратушымен байланысын арттыратын амал ол - құлшылық. Оразада осындай қасиеттердің бәрі кездеседі.

Осы тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Әр нәрсенің бір зекеті бар. Тәннің зекеті - ораза. Ал ораза - сабырдың жартысы" деген.

Тағам тәнді азықтандырса, ораза рухты азықтандырады. Ешқандай тағам жемей өмір сүру қандай қиын болса, рухани жағынан алғанда ораза ұстамай өмір сүру де соншалықты қиын болмақ. Сондықтан да адамның рухани жетілу тұрғысын мақсат еткен бүкіл діндерде ораза маңызды рөл атқарады. Адамзат баласын кемелдендіру мақсатында жіберілген пайғамбарлар да пайғамбарлық міндеті берілмес бұрын, ораза ұстау арқылы аса қиын міндетке дайындалған. Сондықтан да Алла Тағала тарапынан парыз етілген ораза - дініміздің негізі әрі адам баласын тақуалыққа жетелейтін асыл жолы. ...

Ораза айты мүбәрак болсын, жамағат!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/162067-oraza-ajty-myberak-bolsyn.html