RU

Қабірлер жарысы: Алматыдағы коттедж бен саябақ секілді элиталы мазарлар туралы не білеміз? (фото)

Алматының Кеңсайындағы мазарларды көрсеңіз, «понт» деген ұғым о дүниеге кеткендерге де жетті ме деп қаласыз. Себебі, бұл жерде коттедж іспеттес бейіт - кесенелер "мен мұндалап" тұр деп хабарлайды NUR.KZ  тілшісі.

Моладағы жұмысшылардың айтуынша, мазарда элита өкілдері, яғни, қалталы азаматтардың туыстары жеке, орта таптағы халық бөлек жерленеді. Ал ақшасы жоқтарға Кеңсайдан бір метр жер де бұйырмайды.

Себебі, мұнда бір адамға арналған жердің құны 2000-3000 доллардан басталғандықтан, қалтасы жұқалар туыстарын Алматы облысындағы қорымдарға қояды.

"Заманға сай адамы" деуші еді, Кеңсайдағы қабірлерге қарап қазіргі заманғы моланы, 3Д  архитектураны да көруге болады. Дәлірек айтсақ, көзге бірден бейіттер бәсекесі түседі.

Қорымда елге еңбегі сіңгені де, танымал емесі де аспанмен таласқан мұнара ескерткіш қоюды әлдеқашан сәнге кіргізген. Ал құрылысқа қолданылған ақ, қара, қызыл мәрмәр тастар Италия, Түркия елдерінен арнайы әкелінген дейді құрылысшылар.

Өлгеннен соң атақты, лауазымды марқұмдар

Кеңсай-2 қорымын аралап жүріп, талай дүниені көзіміз шалды. Соның бірі - марқұмның кімнің туысы немесе қандай тұлғаның ұрпағы болғанын және лауазымды қызметін тасқа қашап жазу.

Ал оның тірі кезінде атқарған қызметіне сай мәрмәрдан ескерткіш тұрғызу тіпті басқа әңгіме.

Кей қабірлерде жастар жерленген. Бірақ қалталы туыстары аянып қалмапты. Елден өзгеше әрі көзге тартымды болуы үшін құлпытасты аққу, аспанға ұмтылған қол, тырна сынды бейнеде қойған. Тіпті, 500 шаршы метр жерде жалғыз адам жерленіп, қалған бөлігін гүлмен көмкергендер де кездесті. 

Ысырабы көп мазарға періштенің өзі келмейді

Елде белең алған о дүниеліктердің жарысының түпкі мәнін білу үшін ұзақ жылдар дін істер аясында қызмет етіп жүрген сарапшы-маман Мирхат Мадияровтың пікірін білдік.

- Бұл тақырыпты қозғап жүргенімізге бірнеше жыл болды, халық арасына түсіндіріп келеміз. Бірақ, баяғы жартас сол жартас. Елдің еті үйреніп кеткен, айтып жатқан уағызды көп ешкім елемейді.

Осыған орай, басшылыққа ұсыныс та жасадым. Қала шетінен жаңа жер телімін алып, қорым ашып, қайтыс болған марқұмдарды сол жерге мұсылмандық тәртіппен, ысырапсыз жерлеудің үлгісін көрсету. Яғни, мұсылман елдеріндегідей, Америкадағыдай, барлығына бірдей тас белгі (аты-жөні, туған және қайтқан күні жазылған) қойып, рет-ретімен қою. Тас 50 жылда жерге сіңіп кетіп, сүйек те үгіліп бітетін көрінеді.

Келесі ұрпақ жер іздеп абыра болмайды. Ал, осы қалпымызбен Кеңсай -3, 4, 5 деп кете беретін болсақ, мазардың көлемі қаламен бірдей болады. Әлде, мәдениетті Еуропадан үлгі алып, мәйіт өртейтін крематорий саламыз ба?

Анау салынған мавзолейде жатқандардың генерал, депутат, ақын, қайраткер, миллионер болғаны жүз жылдан соң, үш-төрт ұрпақтан кейінгілерді қызықтыра ма? Ұсыныстар ауызша қолдағанымен, іс жүзіне асырылмай тұр. Көптеген имам бауырларымыз да осы мәселені айтып шырылдайды.

Қазірде "адам қайтыс болды" деп жедел жәрдемге телефон шалсаң, дәрігер мен полициядан бұрын "жерлеу бюросынанбыз" деп қыз-жігіттер келіп тұрғанын көзім көрді. Яғни, елімізде өлгендерді бизнеске айналдырғандар өте көп.  Өткен аптада ғана Кеңсайда жерлеуде болып қайттым. Шыны керек, қорым қалталы қазақтардың бәсекесіне айналған. Ондай жарысты қу кедей емес, ақшасы барлар жасап отыр.

Бауырларым түсінуі қажет  адам өлген соң қызметі, атағы бәрі бекер, о дүниеге өзімен әкете алмайды. Керісінше мұндай әлем-жәлем болған, ысырапшылдыққа жол бергеннің ақыретте сұрауы ауыр.  Туыстары - өлгенді осылайша «разы қылдық» деп ойлайтын шығар. Шын мәнісінде ол азаматтың мақсаты ел-жұртқа байлығын көрсетіп масаттану. Зәулім моланың азабын жер қойнауындағы жан бірінші болып тартса, оны жасаған ұрпағы өз кезегінде ахиретте Жаратушының алдында сұралмақ.

Шариғатта үй ішінде адамның, тіпті жан-жануардың суреті мен мүсіндері ашық жерде ілініп тұрса, періште кірмейді делінген. Періште кіре алмаған жерге кімнің үйір болатыны белгілі ғой. Мазарларда да сол жағдай. Бұл мәселеге тоқтау салатын кез келді,- деді Мирхат Мадияров.

Өлген әкесінің жерлеуіне 1 млн доллар жұмсаған 

- Қазір өлімнің өзі тойдан кем түспейтін болды. Алматылық байшыкеш қайтқан әкесін жер қойнына беру үшін бір млн доллар қаржы жұмсаған.

Әр адам басына 200 доллардан төлеп, қымбат мейрамханаға 1000 адамға қонақасы берген. Алыс өңірдегі туыстарын жерлеуге алдырту үшін чартерлік ұшақ жалдаған, қала берді өлікті қорымға дейін алып жүру үшін қымбат маркалы көліктер жалдады және әкесінің басына аспанмен таласқан кесене тұрғызды.

Осының барлығы оған бір млн долларға жуық қаражатқа түскен. Сол азамат әкесінің тірі кезінде осынша қаржыға жақсылық жасады ма?  Ұшақпен алдыртқан таныстары жерлеу кезінде "костюмым шаң болады" деп марқұмға бір уыс топырақ та салмай, топталып телефон шұқып тұрғанын көрдім. Мұның өзі біздегі жерлеу рәсіміндегі мәдениеттіліктің деңгейін көрсетеді.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзді бізде мәрмәр тастан мазар тұрғызып, асын той етіп өткізу деп санайды. Ал бұл сөздің түпкі мағынасы марқұмның атынан қажылық өтеу, кедей-кепшікке қол ұшын созып, садақа тарату, құран бағыштау. Яғни, сауабы мол амалдар жасап, нағыз мұсылмандығын көрсету, жомарттыққа өнеге болу" деп түсіндірді сарапшы.

Материал ҚР заңнамасымен қорғалған. Материалдың кез келген бөлігін көшіріп-басу үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу керек!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1621024-qabirler-zharysy-almatydaghy-kottedzh-b.html