RU

Ақтөбеде оқушылар мен студенттерді айтулы шараға күштеп дайындап жатыр (фото, видео)

Ақтөбеде үлкен форумға қызу дайындықтар жүріп жатыр. «Ақтөбе - құтты мекен» форумына шетелді бағындыра білген өңірдің жерлестері шақырылған. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан форумға студенттерді күштеп дайындауда деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Студенттер мен оқушылар екі аптаға сабақтарынан босатылып, күніге екі мезгіл үш сағат бойына стадион ішінде дайындық өткізеді. Олардың пікірімен ешкім санаспаған. Сабақтарынан қалғандар өз наразылықтарын айтты.

Тағы оқыңыздар: Биыл соңғы жүзжылдықтағы ең суық қыс болады

"Біздің пікірімізбен ешкім санаспайды. Қарсы шықсақ, сабақпен қорқытады. Біздің əке-шешеміз оқуға ақша төлеп отыр. Ақылы бөлімде оқитын студенттерді сабақтан босатып, ешқандай пайдасы жоқ шараларға қатысуға міндеттейді. Екі сағаттың ішінде өтіп кететін шара үшін екі аптаға сабақтан босатты. Күннің астында иіріліп отырамыз. Шаршадық. Біздің білім алғымыз келеді", - дейді ақтөбелік студенттер.

Студент айтқан жағдайдың растығына көз жеткізу үшін дайындық болып жатқан стадион алаңына бардық. Күн астында сағаттап тұрған студенттер өздерінің шаршағандарын айтып, ұйымдастырушылардың айтқанына құлақ аспай, өз қарсылықтарын білдіруде.

Облыстық мəдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваның өзі студенттерге айтқандарын тыңдата алмаған ұстаздардың шаңын қақты.

«Оқушы мен студенттердің қисаңдағанына көнбей, темірдей тəртіп қою керек. Қазіргі балалар «ондай емес» деп айтсақ, олар екі бастан сондай болып кетеді. Жұбанов студенттері əлі қисайып жүр. Олардың ректорына хабарласу керек. Топ болып келмей қалу шектен шыққандық...

Маған нақты картина керек. Соны түсініңіздер. Шындығына келгенде маған бастықтарға барып, «дайындыққа келмей жатыр» деп айтқан жеңіл. Маңдайларыңнан ұрып-ұрып келгізе алады. Тоқпақпен жұмыс жасау ең жеңіл жол», - дейді облыстық мəдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Демалыс күні дайындыққа шықпауды сұрағандардың өтініші стадионда ұстаздардың сөз естуімен аяқталды.

Тағы оқыңыздар: Депутат Божко бюджетті үнемдеу үшін балаларды еденде оқытуды ұсынды

Ақтөбеде студенттерді ұрандар айтуға күштеп жинау бірінші рет емес. Қорғам қайраткері Амангелі Айталы осыған дейін жергілікті биліктен жалған ұран жасауды доғаруды сұраған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1621250-aqtobede-oqushylar-men-studentterdi-p.html