RU

Ақтөбеде жалғызбасты әйел балаларын қоқыс теріп асырап жүр (фото)

Ақтөбеде жалғызбасты әйел балаларын қоқыс теріп асырап жүр. Ауқатты адамдардың жуындысын аңдып, қалдықтардан тамақ іздеп жүрген келіншек үшінші баласына аяғы ауыр. Жетім балалар үйінде тәрбиеленген Олеся Летавская жалғыз туысы анасымен де байланысын үзген деп хабарлайды 31 арна.

Қоқыс жәшігінен қатқан нан табудың өзі келіншек үшін қуаныш. Жалғызбасты ана бай-ауқаттылар тұратын зәулім сарайдан шыққан жуындыларды аңдуды әдетке айналдырған.

"Мұның ішіндегі дүниенің бәрі қоқыстан теріп алғаным. Мына пердені, ана төсектегі жапқышты, балалардың кейбір ойыншығын да сол қоқыстан әкелдім. Өткен жылы жағдайым, тіпті қиындап кетті. Үйде жейтін түк қалмады. Аш құрсақ ұйықтаған күндеріміз де болды. Амал жоқ, қоқыс аралауға шықтым", - дейді Олеся.

Тағы оқыңыздар: Альвареске 118 ұпай берген төреші әйел қызметінен қуылды

26 жастағы Олеся туғанынан тағдыр тәлкегіне ұшырап, жетімдер үйінде өскен. Қазір ол некесіз туған екі баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Әйел жалға алған пәтерінің ақысын ай сайын шіркеу маңынан қайыр сұрап жинаған ақшасымен төлеп келеді. Ал үш жасар Вика мен бір жастағы Кирилдің өзі кезбе өмірге үйренген.

"Өмірлік қиын жағдайына байланысты көмек жөнінде арнайы комиссия отырысы өтеді, әкімдік жанындағы комиссия. Ол жерде күнкөрісі төмендерге бір жолғы қаржылай көмек болады. Жағдайын қарап, комиссия шешім қабылдайды. 60 мың теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі", - дейді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мейіржан Қарақов.

Қазір жалғызбасты әйел Олеся Литавскаяға халық қолындағы барын тасып, көмек көрсетіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1621674-aqtobede-zhalghyzbasty-ayel-balalaryn.html