RU

Айыр тығып, көсеумен ұрған: 11 жыл құлдықта болған ақтөбелік әйел азапты күндерін баяндады (фото, видео)

Айбарша Қазбаева үш жылдан бері құқық қорғау орындарының есігін жағалап жүр. Ол 37 жасынан бастап құлдықта болғанын айтты. Өзін ұрып, байлап тұрып қара жұмысқа жеккен қожайынын жазалаймын деген əйел бірнеше рет прокуратураға келген деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

"2001 жылы Шалқар ауданы Бершүгір ауылынан Ақтөбеге жұмыс іздеп келдім. Қалада көше сыпырушы болып жасадым. Тапқан ақшам пəтер ақыма жетпеді. Бір үлкен кісі ауылға жұмысқа шақырды. Сендім, еріп Əйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылына бардым. Маған "Малға шөп салып, су беріп көмектесесің" деген. Барған кезімде құлдықта ұстады. Мені байлап қойып, ұрып тұрып жұмсады.

Қашсам, ұстап əкеліп қамайды. Телефонымды ұрлап алды. Тамақты итке жуынды бергендей қылып берді. Туыстарым мен хабарсыз кеткен соң өлді не басқа біреуге тұрмысқа шығып кетті деп ойлаған. Мен кеткенде 10 жаста болған қызым қайтып келгенімде тұрмысқа шыққанын көрдім, бөпесі бар.

Енді, міне, 2014 жылдан бері арыз жазып жүрмін. Полиция мен прокурор маған қатысты қылмыстың белгілері болмаған деген жауап береді", - дейді Айбарша Қазбаева.

Тағы оқыңыздар: Астанада ойнап жүрген мектеп оқушысы тоққа түсіп, қолынан айырылды (фото)

Өзінің құлдықта болғанын айтқан əйел прокуратураның өзіне бірнеше рет хат жазғанын айтты. Ол жолдасын ертіп бүгін де облыс прокурорының қабылдауына келді.

"Бұл кісі 2003 жылдан 2014 жылға дейінгі аралықта Əйтеке би ауданында құлдықта болды. Оған айыр тығып, көсеумен ұрған, күйдірген. Денесінде қалып қойған жарақаттары бар.

"Өліп қалған адамның қатарындасың" деп қожалықтың иесі, əйелі, баласы ұрған. Шаруашылық басшысының баласы қалада полицияда жасайды. Арасында ауылға адамдар апарып тұрған. Солардың ішіндегі бір жігіт құлдықтағы келіншектің күйеуін танитын болып шығады. Біріне бірі айтып, оның тірі екені үйіндегілерге жеткен.

Күйеуі полицияға арыз жазып, əйелді алып шығады. Егер ол əйел өзі кеткен болса күмəндануға болатын еді. Оны шаруашылықтан полиция қызметкерлері алып шығып тұр.

Əйелді аудандық полиция бөлімшесінде ұстайды. Жылап отырған əйел əкелген қағаздардың бəріне қол қоя берген. Оның ішінде "талабым жоқ" деген құжаттар болыпты. 11 жыл құлдықтан босағанына қуанып, əкелген қағазға қол қоя берген",- дейді қорғаушысы Ағысбек Төлегенов.

Тағы оқыңыздар: Иракта "Ислам мемлекетінде" ұсталған неміс қызы дарға асылуы мүмкін

Бүгін облыс прокурорлары істі қайта қарауға уəде беріп қалды.

"Іс осыған дейін қысқартуға беруге шешім қабылданған. Арызданушы оған келіспейді. Облыс прокуроры қандай тапсырма айтады солай жұмыс жасалынатын болады", - дейді прокурор Жасұлан Дəулембаев.

Облыс прокуратурасына кірген арызданушы тарап ісінің қайта қаралатынын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1623242-11-zhyl-quldyqta-boldym-degen-aqtobelik.html