RU

Назарбаев Алматыдағы жаз бойы жөндеуден өткен көшелерді тамашалады (фото)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы жөндеуден өткен Панфилов көшесі мен Жібек Жолы даңғылын тамашалап, өз бағасын берді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Қала әкімі Бауыржан Байбек мемлекет басшысына алдымен жаңартылған Панфилов көшесін көрсетіп, оны бұрынғы кейпімен салыстырды.

Еске салсақ, Панфилов көшесімен енді тек қана жаяу жүргіншілер ғана жүре алады. Бұл көшемен жүруге автокөліктерге тыйым салынған.

Көше бойына жалпы ауданы 22 мың шаршы метрге тең гранит плиткалары төселген. Бұдан бөлек, көшені жарықтандыру үшін 178 шам орнатылып, екі құрғақ субұрқақ орнатылды.

350 көлік қоятын және 300-ден астам жарнамаға арналған орын жөндеуден өткен.

Панфилов көшесінің бойына жөке ағашы, үйеңкі, шетен, алма ағаштары және шырша секілді ағаштардың алуан түрі де егілетін болды. Ал Қабанбай батыр көшесінің бойына жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам орнатылған.

Сондай-ақ, Бауыржан Бәйбек Астана алаңындағы өзгерістерді де көрсетті. Енді аталған алаңдағы алты жолақты жол тарылып, төрт жолаққа дейін қысқартылған.

Көшендегі өзгерістерге куә болған президент экологиялық таза көлік түрі - электрокарға мініп, Жібек жолы даңғылына қарай бет алды. Алматы Арбатына да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар өзгерістер орын алған.

Мысалы, Арбатта құрғақ субұрқақтар, балаларға арналған алаңдар, гүл қойылған вазалар қойылып, газон егілген. Ал көшенің жаяу жүргіншіге арналған бөлігіне плитка төселген. Жібек Жолы көшесінің бойында да  отырып демалатын орындықтар қойылған.

Еске салсақ, жуырда Алматыда бірқатар көшелер жөндеуден өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1623504-nazarbaev-almatydaghy-zhaz-boyy-zhondeu.html