RU

Қызылордада бір күнде 800 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді (фото)

Қызылорда қаласында «Қала күні» мерекесі жалғасуда. Бүгін күн «Жүрек жылуы» қайырымдылық күні деп белгіленген.

Осыған орай, қаладағы орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті жанындағы аллеяда ұйымдастырылған «Жүрек жылуы» акциясы аясында қаладағы 800 тұрмысы төмен отбасына 14 млн теңгенің азық-түлік өнімдері таратылды.

32 автокөлікке тиелген азық-түлік өнімдері арнайы бөлінген әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен, аталмыш 800 отбасының үйлеріне жеткізіліп берілді. Сондай-ақ, осы күннің аясында «Жомарт жүрек» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, «Браунис» кондитерлік желісі Қызылорда қаласының 199 жылдығына арналған «Тәтті тарту» атты көлемі 199 сантиметрлік торт және тәтті тоқаштар әзірлеп мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік тарту жасады.

«Жомарт жүрек» акциясы аясында қала тұрғындарына қалалықмәдениет және демалыс паркіндегі ойын-сауық атракциондары және «Қызылорданың тартуы» акциясымен барлық бағыттағы қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетуде.

Бұл шаралармен қатар, қала ардагерлеріне арналған «Ардагерлерді ардақтайық» және «Жүрегім толы мейірім» тақырыбымен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге мерекелік концерттер өткізілуде.

Атап өту керек, Қызылорда қаласында бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді.

Мысалы, былтырғы «Тәуелсіздік шапағаты» қайырымдылық айлығы аясында 2 мың 750 тұрмысы төмен отбасына 34 млн теңгенің қайырымдылық көмектері көрсетілген.

Ал, биылғы жылдың басынан бері қайырымды азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен Наурыз, Ораза айт, Құрбан айт мерекелерінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған 2 мың 170 отбасына көмектер көрсетілді.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1624379-qyzylordada-bir-kunde-800-otbasygha-qayyr.html