RU

Елбасы Бауыржан Байбекті не үшін мақтап, неліктен сынады?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ең ірі қаласын аралап көрді. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев қала басшылығының жетістіктерін атап өтті. Кемшіліктерін де көрсетті. Baq.kz президент сөзіндегі Алматы әкімдігінің жақсы жұмысы және кемшіліктері айтылған тұстарға шолу жасаған еді.

Назарбаев қала әкімдігін қандай істері үшін мақтады?

Алматының инфрақұрылымы жақсарып келе жатқаны үшін

«Соңғы екі жыл ішінде қалада 100 мың ағаш отырғызылып, 42 шақырымдай арық жүйесі қалыпқа келтірілді, 60 шақырымнан астам велосипед жолы салынды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар ол «Соңғы бес жылда оның дамуына бюджеттен 430 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. 30 жолайрық желісі салынып, 330 шақырым инженерлік желі іске қосылды, метро дамып келе жатыр» деді.

Қалаға келетін туристер саны артқаны үшін

«Бүгінде шетелдік туристің әрбір екіншісі Алматыны келіп көреді. Қалада көптеген қонақүйлер, театрлар, музейлер мен спорт нысандары бар. Биыл туристер санының артқаны байқалуда. Бұған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі де септігін тигізді», - деді Қазақстан президенті.

Экономикалық орталық рөлін жақсы атқарып келе жатқаны үшін

«Қала еліміздің ірі экономикалық орталығы әрі республикалық бюджеттің доноры ретінде қалыптасты», - деді мемлекет басшысы.

Қаланың тарихи келбетін жасау жұмыстары үшін

«Алматының тарихи орталығының үштен бірі жаңғыртылды. Бұл қала тұрғындарын қуантып, туристерді тартады».

Қаланың экологиясы жақсарғаны үшін

«Соңғы жылдары ауаны ластау индексі 20 пайызға төмендеді. Осы жұмысты жалғастыра беру керек», - деді президент.

Назарбаев қала әкімдігін не үшін сынады?

Шағын және орта бизнесті қолдамай отырғаны үшін

«Қазір Алматының шағын және орта бизнесі негізінен банк несиесі есебінен қаржыландырылуда. Бұл орайда биыл шағын бизнеске берілген банк несиесінің 43 пайызға азайғаны байқалып отыр. Әкімдік пен «Даму» қорының бизнесті қолдау көлемі небәрі екі пайызға тең», - деді елбасы.

Инновациялық жобалардың жоқтығы үшін

«Алматыда еліміздің барлық негізгі жоғары оқу орындары, соның ішінде Сәтбаев атындағы ірі техникалық оқу орны орналасқан. Алайда, әлі күнге дейін елеулі инновациялық әзірлемелер жасалған жоқ. Әкімдік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы мәселеге қатысты тиісті шаралар қабылдауға тиіс».

«Алатау» технопаркін пайдалана алмай отырғаны үшін

«Оның құрылысына бюджет есебінен 20 миллиард теңге жұмсалып, 12 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтың жұмысына 22 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Әкімдік оның жұмысына ықпал ете алмай отыр» деді Назарбаев.

Қалада пайдаға аспай жатқан жерлердің көптігі үшін

«Бүгінде қаладағы жердің 500 гектары әлі игерілмеген. Жер – кез келген ірі қаланы дамытудың басты активі. Сәулет және құрылыс органдарының жұмысын түбегейлі қайта қарастыру қажет. Қала құрылысы саясаты қазіргі заманғы трендтерге сай болуға тиіс», - деді президент.

Алматыдағы көлік кептелісі проблемасы шешілмегені үшін

«Шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Ең алдымен, бұл қаланың көлік жүктемесіне қатысты. Күн сайын 700 мың автокөлік қатынайды. Бұл мәселені смарт-технологиялар базасында көлік жүйесінің «ақылды» элементтерін енгізу арқылы шешу қажет. Ол қала тұрғындарының тұрмысын мейлінше жайлы ету үшін көліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1624563-elbasy-bauyrzhan-baybekti-ne-ushin-maqt.html