RU

Сыныптасының сөзіне сеніп Түркияға барған шымкенттік қыз сексуалды құлдыққа түсті

Құрбысының шақыруымен Түркияға жұмысқа тұруға барған шымкенттік бойжеткен сексуалды құлдықтың құрбаны болды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Қазақстанның Ыстамбұл қаласындағы Бас консулдығының қызметкерлері Думан Қызыр мен Тәукеxан Пошановтың араласуымен жәбірленуші қыз сексуалды құлдықтан құтқарылды.

Бас консулдық қызметкерлерінің xабарлауынша, оқиға желісі былайша өрбіген.

Түркияда жұмыс істеп жүрген құрбысының "Мұнда жақсы жұмыс бар, жалақысы да жақсы" деген сөзіне сенген бойжеткен оның шақыруымен шетел асады. Алғашқы үш күнде қос қыздың қарым-қатынасы жақсы болып, кейінірек құрбысы оған интимдік қызмет көрсету туралы жұмыс ұсыныпты.

Тағы оқыңыздар: Депутаттар мен әншілерді шошытқан Астана әуежайындағы автотұрақ бағасы арзандады

Бас тартқан шымкенттікті түркиялық таныстарымен "барлығы өз танысымыз, кететін болсаң, қаматып жібереміз, өлтіреміз" деп қорқытқан құрбысы оны жеңіл жүріспен айналысуға мəжбүрлейді.

Бойжеткен амалын тауып Шымкентте қалған анасына мəн-жайды баяндап үлгерген. Қызынан көз жазып қалған ана жан ұшырып, елден көмек сұрайды. Белгілі заңгер Айгүл Орынбек Қазақстанның Ыстамбұл қаласындағы Бас консулдығына хабарласқан соң ондағылар мəжбүрлі түрде жезөкшелікпен айналысқан қызбен байланысқан. Жедел іздестіру шарасының нəтижесінде бойжеткеннің мекенжайын анықтау екі сағатқа созылады.

"Бұл жағдай Түркияның Сакарья қаласында орын алған. Бізге қазақстандық заңгер хабарласты. Мен бойжеткеннің телефон нөмірін алып, онымен сөйлестім. Полицейлермен бірге оның мекенжайын анықтап, қызды алып шықтық. Полицейлер бұл оқиға бойынша іс қозғады. Жəбірленушіні де тергеді. Қазір шымкенттік бойжеткен полицейлер қарамағында. Бір-екі күнде елге қайтарылады", - деді Бас консулдық қызметкерлері.

Тағы оқыңыздар: Стадионның қақ ортасында сүйіктісіне ұсыныс жасаған ақтөбелік жігіт жұртты тәнті етті

"Шақырған құрбысы өзінің сыныптасы болатын. Қызымды жібермес бұрын оның өзімен де сөйлесіп, ол маған "барлығы жақсы болады, уайымдамаңыз" деді. Мен қайдан білейін, жағдайдың бұлай боларын?! Алғашында қызыммен жиі сөйлесіп тұрдым, кейін сирей бастады. Болған жайды естіген соң əлі өз-өзіме келе алар емеспін.

Менің жанайқайыма бейжай қарамаған Ыстамбұлдағы Қазақстанның Бас консулы Еркебұлан Сəпиев бастаған ұжымға аналық алғысымды айтамын", - деді шымкенттік бойжеткеннің анасы.

Ақпарат ретінде айта кетерлігі, қыркүйектің 7-сі күні Түркияға барған бойжеткен ісіне қатысы бар деген күдікпен бір топ түркиялық азамат пен жəбірленушінің құрбысы, қазақстандық азаматша уақытша қамауға алынды. Жақын күндері күдіктілердің ісіне қатысты сот шешімі шықпақ.

Бас консулдық қызметкерлерінің пайымдауынша, күдікті қазақстандық азаматшаның кінəсі толық дəлелденсе, ол жазасын Түркия елінде өтеуі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1625449-synyptasynynh-sozine-senip-turkiyagha-b.html