RU

Қазақтың танымал жазушылары латын әліпбиінің жаңа нұсқасына жаппай қарсы шықты

"Парламентте ұсынылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ұлттың болашағына қауіп төндіріп тұр". Елдің ертеңіне алаңдаған қазақ қаламгерлері осылай дабыл қақты деп хабарлайды КТК арнасы.

Естеріңізге салсақ, жақында Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығы Мәжілісте латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынған болатын. Онда барлығы 25 әріп белгіленсе, қалған қазақша дыбыстар қос әріппен жазылған. Ал, кеше шу көтерген ақын-жазушылар Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты ұсынған 32 әріптен тұратын әліпбидің нұсқасын құп көріп отыр.

Қазақ тілінің келешігіне алаңдаған қаламгерлердің қабағы қатулы. Жазушылардың «артық әріпке әліпбиден орын жоқ» деген пікірін академик Өмірзақ Айтбайұлы да қуаттады.

"Жолдан қосылғандарға жол жоқ. Сондықтан тіл білімі институты ұсынған жобаны ысырып тастап, ұлттық мүддені емес, басқа бір батыс көзіне айналдыруға тырысқандарды қолдауды тарихи қателік деймін", - дейді Ұлттық ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбайұлы.

Тағы оқыңыздар: Стадионның қақ ортасында сүйіктісіне ұсыныс жасаған ақтөбелік жігіт жұртты тәнті етті

«Бір әріп бір таңба» қағидасын ұстанған Тіл білімі институтының нұсқасында 32 әріп бар. Алайда кейбір мамандар жазылуы, оқылуы оңай болғанмен, бұл нұсқаның қазіргі техниканың тіліне келмейтінін алға тартты.

Ал, дауға айналған әліпбиде 25 әріп таңбаланған. Бірақ, бір дыбысты екі әріппен белгілесек, халықтың латын әліпбиіне деген көңілі су сепкендей басылады дейді жазушылар.

"Бізде кирилицамен оқитын мектептер бар. Ертең баланың басын қатырып қайтеміз деп, соған бере салуымыз мүмкін. Кеудесін қаққан қазақтың 10-15 пайызы ғана қала ма деп қорқамын латынмен", - деп ағынан жарылды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.

Алаң көңіл қаламгерлер латын әліпбиіне көшудің саяси астарына да үңілді. Күні ертең бірі латын, бірі кирилица болып, ел іші екіге бөлінбей ме деген қорқыныштарын жасырмады.

"Орыстар да қабылдасын, әзірбайжандар, түріктір бар. Олар да латынша қабылдасын. Латынменен орысша түсінігін алып келетін болсын", - дейді ақын Иран Ғайып.

Мамандар тіл білімі институты ұсынған жоба техника тіліне келмейді дегенмен келіспейді. Оған мысал ретінде бұл нұсқамен сай келетін неміс тілінің пернетақтасы ұсынылды.

Тағы оқыңыздар: Депутаттар мен әншілерді шошытқан Астана әуежайындағы автотұрақ бағасы арзандады

Президент те бұған дейін асығыс шешім қабылдамай, талқыға салу қажеттігін баса айтқан болатын. Латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екені ақиқат. Бірақ, таласқа түскен «бір дыбыс екі таңба» немесе «бір дыбыс бір таңба» жобасының қайсы жеңіске жететіні уақыттың еншісінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1625469-qazaqtynh-tanymal-zhazushylary-latyn-al.html