RU

Мерзімінен бұрын босап шыққан экс-премьер жуық арада жұмысқа кіріспейтінін айтты

Мерзімінен бұрын босап шыққан Серік Ахметов жуық арада жұмысқа кіріспейтінін айтты. Өйткені бір жыл он ай колонияда отырып шыққан экс-премьер болашақта немен айналысатынын әлі шешпепті. Айта кетерлігі, бұрынғы шенеунік қалған төрт жыл он күнін Қарағандыдағы зәулім үйінің қабырғасында өтейді.

Бұл туралы 31 арнаның тілшілері хабарлады.

2015 жылы 15 желтоқсанда сот залында қолына кісен салынған Серік Ахметов бірден түзеу мекемесіне жеткізілген болатын. Бұл колонияда экс-премьер министр сот үкімімен берілген сегіз жылдың тек бір жарым жылын ғана өтеді. Жазасын өтеу барысында Серік Ахметов өзін тек жақсы қырынан ғана көрсетіпті. Содан болар осыдан он бес күн бұрын шыққан сот шешіміне мемлекеттік айыптаушылар да қарсы келмеді.

Ал бұл күнді тағатсыздана күткен Үкіметтің бұрынғы басшысы тілшілерге артық сөз айтпай, үйіне асықты.

Тағы оқыңыздар: Депутаттар мен әншілерді шошытқан Астана әуежайындағы автотұрақ бағасы арзандады

Қарағанды облысының әкімі болып, тіпті Үкіметті басқарғанда да тілшілердің сұрағына қысқа жауап қататын Серік Ахметов журналистерге кеше де көп шешілмеді. Есесіне, денсаулығы жайлы айтып, ризашылығын білдіріп бақты.

Экс-премьерге 10 жылға сотталған кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағамбетов сияқты қысым көрсетілмеген сыңайлы. Қайта, түзеу мекемесіндегі мәдени іс-шараларға белсене араласып, 4 мадақтау қағазына ие болған. Оның үстіне мемлекетке келтірген шығынды да толықтай қайтарған.

Енді қалған төрт жыл он күнін Серік Ахметов Қарағандыдағы зәулім үйінде өтейтін болады. Пробациялық бақылауда жүретін экс-премьерге осы уақыттың ішінде тұрғылықты жерін ауыстыруға тыйым салынған.

Тағы оқыңыздар: Желіде масқарасы шыққан өскемендік шенеуніктер оңбай жазаланды

Ал әзірге Серік Ахметовті болашақта қайдай қызметтен көретініміз белгісіз. Өйткені, сотталған министрлердің көпшілігі кейін жұрт көзінен тасаға кетеді. Бірақ, қоғамға пайдалы істің басында жүргендері де аз емес. Мәселен, Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев түрмеден шыққан соң республикалық трансплантация орталығын басқарып келеді.

Ал Білім және Ғылым министрі болған Жақсылық Күлекеев мұнай және газ институтының басқарушы директоры қызметіне оралды. Ал Көлік және коммуникация министрі Абылай Мырзахметов ақталып шыққан соң біраз лауазымды қызметтерді атқарып, қазір Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы лауазымында. Сондықтан, Серік Нығметұлының да қоғамдық істерге араласуы әбден мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1625539-merziminen-buryn-bosap-shyqqan-eks-pre.html