RU

Ерлан Сағадиев оқулықтарды сынағандармен соттаспақшы

Білім министрі мектеп кітаптарының мазмұнына шағымданып, ғаламторға жалған ақпарат жариялағандардың үстінен арыз жазып, полицейлерге өткізіпті деп хабарлайды КТК арнасы.

«2-ші сыныптың оқулығында сексуалдық қарым-қатынас туралы жазылған» деп әлеуметтік желіге таратқан адамды сақшылар, тіпті іздеуге кірісіп кеткен. Бас ұстаздың айтуынша, біреулер Білім министрлігіне жала жауып, оның жұмысын қасақана қараламақ болған. Бірақ сенатқа есеп берген Сағадиев депутаттардан да ескерту алды.

Соңғы кезде сыннан көз ашпай  жүрген Сағадиев сенатта ұпай жинамақ болды. Білім министрі өзімен бірге есепке жүйрік оқушыларды, жаңа кітаптар мен  шәкірттер ойлап тапқан роботтарды алып, депутаттардың алдына келді. Мәселен, мектеп оқушылары география, физика пәндеріне қажет 3 D көзілдірік ойлап тауыпты. Балалардың бірі сол көзілдірікті киіп көріңіз деп, көрмені аралап жүрген сенат төрағасына қолқа салды.

Тоқаев көзілдірікті кие қоймағанымен, жалпы, мектеп оқушыларының еңбегіне риза болды. Ал, Білім министрі керісінше, ескерту алды. Сенат спикері кітап толы қате, ҰТБ төңірегіндегі дау сынды ағарту саласына кір келтіріп, еліміздің ішкі тұрақтылығын бұзатын жүйелі кемшіліктерді бас ұстаздың бетіне басты.

Тағы оқыңыздар: Атырауда танымал мәслихат депутаты шатылып жатыр

"Мектептердің көздегені ҰБТ-дан жоғары балл жинау. Яғни, ұстаздар рейтинг қуып жүр. Негізгі білім беру мәселесі екінші орында қалды. Оқулықтардағы қателерге қатысты ата-аналардың  да наразылығы орынды. Қайта-қайта қате шығатын кітаптарды сараптамадан өткізу керек", - деді Тоқаев.

Білім министрлігі төрт жыл сайын оқулықтарды қайта басып шығарады. Биыл кітаптарды жаңарту үшін 27 миллиард теңге жұмсаған. Мектептердің тең жартысы жаңа бағдарламаға көшті. Бірақ бұдан өзгерген ештеңе жоқ.

Кітап толы қате деп шулаған ата-аналар Ерлан Сағадиевті  көрсе, министрді жағадан алуға дайын жүр. Бірақ, бас ұстаз айтылған сынның бәрін мойындап отырған жоқ. Оқулықтарқа қатысты жалған ақпарат таратқандарды шетінен сотқа беріп, жазаламақ.

"Ішкі істер министрлігімен ақылдасып, қылмыстық іс қозғау туралы арыз жаздық. Деректерді келтірдік. Кінәлілерді табады деп сенеміз. Бұл Білім министрлігін қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған жала", - дейді министр.

Ғаламторда «Алматы кітап» баспасынан шыққан 2-сыныпқа арналған оқулықта жыныстық қарым-қатынасқа қатысты жазылған деген ақпарат тараған еді. Министр мұны жалған дейді. Қазір полицейлер осы кітапты жариялаған адамды іздеп жатыр.

Депутаттар білім сапасынан бөлек, мектептегі қауіпсіздікті де қозғады. Қазір оқу орындарының есігін қарапайым кезекшілер ғана қарауылдайды.

Олар лаңкестік оқиға  бола қалса немесе өзге де қауіп төнгенде балаларды қорғауға қауқарсыз дейді сенаторлар. Сондықтан, төменгі палата мүшелері мектептерге Ішкі істер министргінің қызметкерлері күзетуі тиіс деген ұсыныс жасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1626646-erlan-saghadiev-oqulyqtardy-synaghand.html