RU

Шымкентте мектеп оқушысы пойыздың астына құлап түсті

Шымкент теміржолында тоғыз жасар мектеп оқушысы ойнаймын деп пойыздың астына құлап түсті. Қозғалыста келе жатқан ауыр салмақтағы жүк вагоны баланың бір аяғын тізеден төмен кесіп өткен. Аяғына ота жасалған науқас балалар ауруханасында жатыр деп хабарлайды 31 арна.

Дәрігерлер мектептен келе жатқан бала пойызға асылмақ болғанда, оның астына түсіп кеткенін растады. Тобықтан төменгі бөлігі жұлынып кеткендіктен біраз бөлігін кесуге тура келген. Не болғанын әлі жете түсіне алмаған бала аяғының төменгі бір бөлігіне мамандар болашақта протез қойылатынын түсіндірді.

"Ота жасадық... Енді қазіргі жағдайы жақсы. Бала толық ем алып жатыр", - дейді ОҚО балалар ауруханасының ортопед-травматологы Ералы Тұрабеков.

Тағы оқыңыздар: Қызылорда облысында бір қолынан айырылған жүргізуші ауылдастарына үлгі болып жүр

Оқиға Шымкенттің Тоғыс елдімекені тұсында болған. Сабақтан үйіне қайтқан тоғыз жасар ойын баласы, жалғыз аяқ темір жол маңын жағалай жүрген. Ал ақырын жүрістегі тас артылған ашық жүк вагонын көргенде жармаспаққа әрекеттенген.

"Бала белгіленбеген жерде ойнап жүріп, пойыз вагонына жармасамын деп құлап кетіп, бір аяғынан жарақат алған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде енді ата-ананың да жауапкершілігі қаралады", - дейді Шымкент желілік ішкі істер бөлімінің бөлімше басшысы Орынбасар Мәмбетов.

Полициядағылар жарақат алған баланың ата-анасы ұрпақ тәрбиесінен алыстап қалған, қиын отбасы қатарына жататынын айтып қалды. Осылайша баланың тәрбиесі осалдап, бақылау жоғалған деп отыр. Жалпы жұртшылыққа тәртіп сақшылары темір жол маңы аса қауіпті аймақ екендігін, бала ойнайтын алаңша еместігін тағы қайталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1626661-shymkentte-mektep-oqushysy-poyyzdynh.html