RU

АҚШ Солтүстік Кореяға соғыс аша ма?

АҚШ Солтүстік Кореяда ядролық қару бар екеніне сенімді, сол себепті де Вашингтон ол елге соғыс аша алмайды. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді деп жазады «Интерфаксқа» сілтеме жасаған Baq.kz.

Бұл пікірді Сергей Лавров жексенбі күні НТВ телеарнасына берген сұхбатында айтқан.

«Америкалықтар Иракқа соққы берген себебі, онда ешқандай да жаппай қырып жоятын қару қалмағанына жүз пайыз сенімді болды. (…) Ал америкалықтар Кореяға соққы жасай алмайды. Өйткені, оларда ядролық бомбалар бар деп жай ғана күдіктенбейді, оларда бар екенін анық біледі», - деді Ресей ІІМ басшысы.

Лавровтың ойынша, бұл пікірмен барлығы дерлік келісіп отыр. Ал егер бұлай болмаса ше? Оған қатысты ресейлік министр былай дейді.

Тағы оқыңыздар: 12 жасар қазақ вундеркинд белді университетке оқуға түсті

«Оңтүстік Кореяда, сонымен қатар Солтүстік Кореяда және әрине Жапонияда он мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған адам зардап шегетін болады. Ресей мен Қытай да тиіп тұр (соғыс аймағына - ред.)», - дейді ол.

Лавров түбектегі кризисті жылы сөз, сендіру, көндіру жолдары арқылы шешу керек деген пікірде.

Соңғы күндері АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы жанжал ерекше өршіп кеткен болатын. Солтүстік Кореяның зымыран сынақтарын көбейтуіне байланысты АҚШ ол елге қосымша санкциялар салған болатын. Ал АҚШ президенті Солтүстік Кореяны түп орнымен жойып жібере алатынын мәлімдеді.

Сенбі күні АҚШ қарулы күштерінің B-1B Lancer стратегиялық реактивті бомбылаушы ұшағы жойғыш ұшақтардың қорғауында Солтүстік Кореяның шығыс жағындағы халықаралық кеңістікпен ұшып өтті. Ондағы мақсат президент Дональд Трамптың Пхеньянмен мәселені әскери жолмен шешу мүмкіндігі бар екенін көрсету болған.

Пентагонның баспасөз хатшысы Дана Уайттың айтуынша, бұл американ әскери ұшақтарының 21 ғасырда аталған аймақтағы бейтарап зонаға ең ішкерілей кіруі.

«Бұл КХДР-дің ақылға сыйымсыз әрекеттерін біз бей-жай қалдырмайтынымызды білдіреді. Бұл миссия - АҚШ-тың қатаң қимылдарға баруға дайын екенін және президенттің қолында кез келген қауіпті жоюдың көптеген варианттары бар екенін көрсететін айқын белгі», - деді ол.

Дана Уайт сонымен қатар Солтүстік Кореяның қару-жарақ бағдарламасын халықаралық қауымдастыққа төнген қатер деп атады.

«АҚШ-ты және оның одақтастарының территориясын қорғау үшін біз әскери мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға дайынбыз», - деді Пентагон өкілі.

Мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяны құртып жібере алатыны туралы айтып, ол екі ел басшыларының бір-бірін тілдеуіне ұласқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1627236-aqsh-soltustik-koreyagha-soghys-asha-ma.html