RU

Ақтөбеде 500 мың теңге жалақы алатын атышулы әкім ақшасын қайда жұмсайды?

Журналистермен кездесу өткізген Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев ауыз толтыруға болатын аудан жетістіктерін тізді. Шалқардың барлық шенеунігі мен қалталы кәсіпкерлерін жиып, ЭКСПО-ға барғанын мақтанышпен айтқан әкім қанша жалақы алатынын да жасырған жоқ деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Әкім мемлекет төлейтін жарты миллион ақшаны әйеліне беріп отыр.

«60 адам болып, орынбасарым және кәсіпкерлермен бірге ЭКСПО-ға бардық. Әркім өз ниетімен бару керек. Ондай көрмені көрген адам да, көрмеген адам да арманда. Мен мемлекеттік қызметкермін. Жалақы туралы ақпаратты жасырмаймын. Шалқардың 50 пайызы, өзімнің отыз жылдық тәжірибем бар. Жалақым - 500 мың теңге. Ақшаны отбасы қажеттілігіне жолдасым жұмсайды. Ер азаматтың міндеті – ақша табу. Немерелеріне жұмсайды ма, балаларға жұмсай ма өзі біледі. Балаларымның барлығы аяқтанып кетті. Қазір үлкен қызметтерде жүр. Мұнайшы, әртүрлі фирмаларда жұмыс істейді. Шалқарда тек жолдасым екеуіміз ғана тұрамыз», - дейді Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев.

Аудан әкімі қайырымдылық шараларымен жиі айналысатынын айтып отырып, үлкен кәсіпкер болғанын да жайып салды.

Тағы оқыңыздар: Астанада бокстан әлем чемпионы жекпе-жек төрешісін аяусыз соққыға жықты (видео)

«Менің анам ұстаз болған адам, жолдасым ұстаз. Мен мектептерге көп көмектесуге тырысамын. Балаларға жәрдем береміз. Ембідегі мектеп, спорт мектебі бар. 250 орындық балабақшаны да халық үшін бердік кезінде. Жолдасым жұмыс істеген №4 мектептегі 70 балаға киім алып беріп отырмын. Өзім кәсіпкер болдым. Совхоз кезінде үлкен кәсіпкер болдым. 2004 жылы мемлекеттік қызметке келдім», - дейді әкім.

Осыған дейін «журналистердің аяғын сындырғыш әкім» ретінде аты шыққан Қаниев өз кемшілігі туралы да жасырмай айтты.

«Менің кемшілігім бар. Әр адамның өз кемшілігі болады. Тез ашуланамын. Қайтуым тез. Талап болады. Мүмкін кейбіреулерге қатты талап қояды. Тез жасағанды жақсы көремін. Облыс әкімінің екпініне қарап отырып, тез жасау керек. Елге қызмет жасамайтын, берілген тапсырманы орындамайтын адамдарға талап қойылады», - дейді Бауыржан Қаниев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1627280-aqtobede-500-mynh-tenhge-zhalaqy-alatyn-aty.html