RU

Төлешовтің тоқалдары тұратын зәулім үйлер кімнің қолына өтті? (фото)

21 жылға сотталған Тоқтар Төлешовтің автокөліктері, зәулім үйлері, жер телімдері және «Шымкентсыра» зауытының қазіргі күйі туралы "Астана" арнасы хабарлады.

Тоқтар Төлешовтің бір отбасына тиесілі болған зәулім үйдің бірінің аумағы 408 шаршы метр. Алайда қазіргі күйіне қарап бақуатты жандар тұрған баспана деуге келмейді. Өйткені, барлығын бұзып, шешіп әкеткен. Тіпті баспалдақтың таянышын да. Бұл үй бүгінде біршама жөндеуді қажет етеді. Өйткені терезе мен қабырғадан өзге ештеңе жоқ. Есік, еден жабыны, жылу жүйелері секілді жабдықтар орнату қажет.

Элиталы аудан санатына жататын «Шапағат» шағын ауданындағы екі үйге тиесілі жер көлемі 16 сотық. Құны 125 млн теңгеге бағаланған. Ауладағы мәрмәр тастан жасалған хауыз, үлкен бассейн - отбасы мүшелерінің жайлы өмір сүргенінің белгісі. Бүгінде қараусыз қалған дүниеге енді білім бөлімі иелік етеді. Тамыздың соңында берілген нысандар балалар көркемсурет мектебіне бұйырды. Тек 745 шаршы метрлік қос баспананы қолданысқа беру үшін алдымен ақша керек.

"Қазіргі таңда сметалық құжаттары дайындалып, мәслихаттың сессиясына қойылады. Сол мәслихаттың сессиясында ақша берілсе, біз конкурсқа қойып, мердігерді анықтап, жұмыс жүргізетін боламыз", - дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Пазылхан Асауов.

Тағы оқыңыздар: Ғалымдар шұлық киіп ұйықтаудың пайдасын айтты

Үйдің сән-салтанатты болғаны көрініп тұр. Әр бөлмеде жеке жуыну бөлмесі. Сенімді дереккөздерінің ақпарына сүйенсек, мұндағы кафельдерді шетелден арнайы тапсырыспен алдыртқан көрінеді. Енді оның түкке де қажеті жоқ. Өнерлі балғындарды тәрбиелейтін мекеме мұнда өз жоспарын құрып та қойыпты.

Сәтін салса, жаңа жылға дейін мұнда балалар бейнелеу өнерімен шұғылданатын болады. Көркемсурет мектебінің ұжымы тездетіп қоныс аударғысы бар. Қазір 13,5 млн теңгеге смета жасалғанын айтты.

"Біз екі ғимартты да қолданбақпыз. Мектебімізде 450 бала бар. 34 топ жұмыс істейді. Одан бөлек дәріс берушілер бар. Баня, сауна, бассейн дегендерді түгел алып тастаймыз. Қазір бір мектептің ғимаратында отырмыз. Онда көп мүмкіндік жоқ. Ал мұнда кітапханамызға да арнайы бөлме табылып тұрғаны қуантады", - дейді Балалар көркемсурет мектебінің шаруашылық меңгерушісі Лидия Вишенина.

Бұл үйлерде Тоқтар Төлешовтің үшінші отбасы тұрып келіпті. Сол үшінші үйдегі келіншек мұнда жөндеу жұмыстарын бастаған беті екен. Бірақ жоспары аяқсыз қалған. Аяқталмаған ауқымды жұмыстың бірі - жер асты өткелі. Қазір ортада ойық боп қазылған шұңқыр жатыр. Ол екі үйді қосатын жер асты жолы болуы тиіс екен, яғни бір үйдің жертөлесіндегі бассейн, саунаға екінші үйден сыртқа шықпай-ақ кіріп-шығу үшін.

Төлешовтен тәркіленіп, сот шешімімен қалалық әкімдіктің меншігіне өткен тағы екі үй бар. Оның бірі сүріледі. Апатты деп танылған. Әкімдікке өткен тұрғын жайдың және бірі Бекет батыр көшесіндегі еңселі баспана. Мұнда Төлешовтің үлкен отбасы тұрған деседі. Анығы әлі тұрады...

Айта кетейік, Төлешовтен төрт үйден бөлек, тоғыз жер телімі тәркіленген. Тұрғын үй қатынастары бөлімінің балансына ұзын саны 13 нысан өтіпті.

Атағы жер жарған «Шымкент сыра» зауытының бүгінгі қожайыны басқа. Қарызын уақытылы өтей алмағандықтан, банктің қарауына өткен. Қазір зауыт бұрынғысынша жұмыс істеп тұр. Кәсіпорынды жүргізіп отырған «АТФ Банкіне» қарасты еншілес компания.

Басшылық ауысқалы кәсіпорында көптеген ілгерілеушілік бар деседі. Мәселен, жаңадан жүздеген жұмысшы қабылданып, бірқатарының жалақысы өскен. Өзбек және қырғыз ағайындарға жіберілетін өнім қалпына келтіріліпті. Жылына 200 млн литр сыра шығаруға қуатты зауыттың Ресей мен Қытайға да өнім экспорттау жоспары бар.

Тоқтар Төлешовтің кәмелет жасына толмаған 11 баласы бар. Олардың кенжесі 1 жасқа да толмаған. Бірақ сот оларға дүние-мүлік қалдырды ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Белгілісі - Төлешовтен тәркіленген темір тұлпарлар саудаланып жатыр.

«Сыра короліне » тиесілі 22 автокөлік тәркіленген. Ең қымбат көлігі Rolls-Royce небәрі 1 теңгеге сатылуы мүмкін. Оның бастапқы бағасы 40 млн теңге болған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті электронды түрде өткен сатылымда екі рет өтпей қалған көлікті үшінші рет саудаға қойғалы отыр. Екінші аукционда оның құны екі есе төмендетіліп шығарылды. Бірақ сатып алуға ешкім ниет білдірмеген.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбеде 500 мың теңге жалақы алатын атышулы әкім ақшасын қайда жұмсайды?

"Ал егер де үшінші сауда-саттықта, аукционда өтпеген жағдайда оның бағасы 1 теңгеге дейін төмендетіліп, сауда-саттыққа қойылатын болады. Яғни бізбен тәркіленген мүліктер сауда-саттықтан кейін өтпеген жағдайда қатысушыларға автокөліктерді 1 теңгеге дейін төмендетілген бағамен сатып алуға мүмкіншіліктері бар", - дейді ОҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы Ғалым Қасымбеков.

Айтпақшы, Төлешовке тиесілі болған фосфоршылар сарайы бойынша басталған сот әлі жүріп жатыр. Аталған мәдениет үйі де қалалық әкімдіктің балансына өтуі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1627463-toleshovtinh-toqaldary-turatyn-zaulim.html