RU

Шекарашылар арасында самбодан чемпионат болып өтті (фото)

Өткен аптада Шекара әскерлері кеңесі қолбасшылығының қолдауымен, Шекара қызметі және «Динамо» спорт қоғамымен бірлесе отырып самбо күресінен ТМД мемлекеттерінің шекарашылары арасында чемпионат ұйымдастырылды.

2017 жылдың 20-21 қыркүйегі аралығында тағы да боз кілемде бақтарын сынап, өз өнерлерін ортаға салған самбошылар намысты қолдан берер емес.

Айта кету ләзім, биыл төртінші мәрте жалауын көтеріп отырған шекарашылар жарысына ежелгі көршілеріміз Ресей, Қырғыз Республикасы, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік басқармаларына қарасты әскери бөлімдерден іріктелген спортшылар мен Шекара қызметінің академиясының командалары қатысты. Бас-аяғы алты команда қатысып, тартысты өткен сайыста барлық спортшылар жеңіске деген жігерін танытып, барынша күресіп бақты.

ТМД шекарашыларының арасында бұл чемпионаттың жыл сайынғы салмағы артып келеді. Оны сайысқа қатысушы командалар санының артқанынан ғана емес, боз кілем үстінде шиыршық атқан самбошылардың атақ дәрежесінен де байқауға болады. Атап айтқанда, бүгінгі жарысқа қатысушылардың арасында самбо күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы, спорт шебері ресейлік Кургинян Эдуард, 5 - халықаралық спорт шебері, 20 – спорт шебері, 18 – спорт шеберіне үміткер, 5 – 1 дәрежелі спортшылар бар.

Сайыстың ашылу салтанатында еліміздің әнұраны ойналды. Сонымен қатар, құрметті қонақтарға сөз ұсынылып, өз кезегінде оларда жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бірінші болып тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шекара әскерлері кеңесі қолбасшылығы төрағасының орынбасары генерал-майор Савенко Владимир Николаевичке сөз берілсе, одан кейін мінберге шыққан ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының бастығы полковник Поливанов Павел Константинович жарысқа қатысушыларды шын жүректен құттықтады.

Содан кейін сөз алған «Динамо» дене шынықтыру - спорт қоғамдық орталық спорт кеңесі басқармасының бастығы отставкадағы полковник Князев Николай Дмитриевичте өзінің жүрек жарды тілегін жеткізді.

Сайыстың ашылу салтанатынан кейін, академияның курсанттар арасынан құралған көркем өнерпаздар ұжымы шағын концерттерін ұсынды. Өз кезегінде арнайы концертті тамашалаған қауым боз кілем үстінде белдескен балуандардың өнеріне куә болды.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы чемпионат әдеттегі біріншіліктен тартысты өтті. Өйткені, кіл мықты балуандарын баптап әкелген командалар соңғы сәтке дейін өз мүмкіндіктерін жібермеді. Осы ретте төрешілердер де барынша әділ болуға тырысып, балуандардың күресін қалт жібермей қадағалап отырды.

Сегіз салмақ дәрежесінде өткізілген чемпионатта сегіз мәрте біріншілік тұғырынан көрінген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің құрама командасы қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Жалпы командалық есеп бойынша, бірінші орын алды. Екінші орын алған ресейлік самбошылар да намысты қолдан бермеді. Үшінші орынға тұрақтаған Қырғыз Республикасының Шекара қызметі бүгінгі жетісіктерін місе тұтты.

Жекелей сында мықтылығын дәлелдеген спортшылар жөнінде айтар болсақ, 57 келі салмақ дәрежесі бойынша бірінші орынды иеленген ресейлік Кононеко Андрей болса, 62 келі салмақта бірінші орын алған Нұриманов Ғалымжанның бұл ретте жолы болды. 68 келі салмақта алдына жан салмаған Абдраманов Нұрсұлтан да әріптестерінен ерекшелене білді. Ал 74 келі салмақта Қуанбаев Мейржанның мерейі үстем болды. 82 келі салмақта Сахан Абдіқасымның жолы оңынан туды. 90 келі салмақта өнер көрсеткен Шамшиев Саятта көпшіліктің көңілінен шығып биік тұғырынан көрінді.

100 келі салмақта есе жіберіп алған Байбосынов Амангелді ғана осы салмақ бойынша екінші орын алды. Бірінші орынды ресейлік Баялиев Мовлади қанжығасына байлады. 100 келіден жоғары салмақта үшінші орынға тұрақтаған жерлесіміз Мужук Артем қола медальді місе тұтты.

Барлық самбошыларды жазып бір мақаланың көлеміне сыйғызу мүмкін емес екенін ескере отырып, біз тек жарыс барысында жекелей сында әр салмақ дәрежесі бойынша бірінші орын алғандарды ғана атап шығуды жөн көрдік.

Жанат Жабырбеков,

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының

баспасөз хатшысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1627884-shekarashylar-arasynda-sambodan-chempi.html