RU

Қызының еміне ақша жинап, отаны тегін жасатқан әйел көз жасын тыя алмады

Алматы тұрғыны Ақмарал Жақсылықова науқас қызы Жанельдің еміне ота жасату мақсатында "Қайырымды жандар" қайырымдылық тобы жинап берген қаражатты қайтаруға міндеттелді деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Бүгін Алматыда бірнеше айға созылған атышулы іс аяқталды. Ерікті Мәулен Алғазы мен қала тұрғыны Ақмарал Жақсылықованың арасындағы даулы іс Мәуленнің пайдасына шешіліп, келіншек 10 млн теңгені қайтаруға міндеттелді.

Еске салсақ, алматылық келіншектің науқас қызына өткен жылдың қараша айында еріктілерден құралған "Қайырымды жандар" тобы 12 млн теңгені табыстаған болатын. Бұл сома екі бүйрегі істен шыққан Жанелдің отасына жұмсалады делінген.

Тағы оқыңыздар: Кәсіпкермен жаға жыртысқан әкімнің орынбасары лауазымды қызметінен кетіп тынды

Аталған еріктілер тобы бұл соманы көшеде алма, картоп, тосап сатып, өздері пісірген тағамдардан жәрмеңке, түрлі концерттік бағдарламалар жасау арқылы жинап бергенін айтқан болатын.

Алайда уақыт өте келе, NUR.KZ порталына Жанелдің ағасы Бақтияр Жылқыбаев хабарласып, Ақмарал Жақсылықованың қызына отаны тегін жасатқанын және донор үшін ешқандай қаражат төлемегенін мәлімдеді. Сонымен бірге, ол Жанельдің анасы, яғни туған жеңгесі оған отадан кейін хабарласпай, халін де сұрамай қойғанын айтып, күйінген болатын.

Кейіннен Ақмарал Жақсылықова да өз ұстанымын БАҚ-қа жеткізіп, "Қайырымды жандар" тобының жауапты мүшесі Мәулен Алғазыны қызына жиналған ақшаны өз жеке мақсат-мүддесіне жұмсады деп айыптады.

Осылайша, кішкентай Жанельдің еміне жиналған қаражат "жырының" соңы дауға ұласып, екі тарап соттасуға дейін барған еді.

Мамыр айында өткен бірінші инстациялық соттың шешімі бойынша, Ақмарал Жақсылықова Жанельдің отасына бөлінген қаражатты, нақтырақ айтсақ, 10 млн теңгені қорға қайтаруға міндеттелген болатын.

Себебі, Мәулен Алғазы бастаған еріктілер тобы қаражатты науқастың еміне емес, Жақсылықованың жеке бас мүддесіне жұмсалғанын дәлелдей алған. Бұл шешіммен келіспеген Жанельдің анасы апелляцияға қайта берді.

Тағы оқыңыздар: Алматыда тағы бір автобус жол апатына түсіп, екі адам зардап шекті (фото)

Бүгінгі сот процесі кезінде сөз алған Ақмарал Жақсылықова көзіне жас алып, Мәулен Алғазының бітімге келіп, қаражатты толықтай емес, тек 6 миллионын қайтару туралы ұсынысын қабыл алмағанын айтты.

"Мәулен Алғазы маған хабарласып, бітімге келуді сұрады. Ол 6 миллион теңгені басқа науқас балаларға қайтаруды, Бақтиярдан (Жанельге донор болған қайнысы - ред.), одан және халықтан кешірім сұрауымды талап етті. Мен оған кешірім сұрамаймын дедім", - деген ол халықтан да кешірім сұрамайтынын, кешірім сұрауға еш негіз жоқ екенін жеткізді.

Сотта Ақмарал Жақсылықоваға қатысты бірінші сот инстанциясының шешімі өзгеріссіз, сол қалпында қалу туралы шешім шығарылды. Енді ол "Қайырымды жандар" тобына 10 млн теңге көлеміндегі қаражатты қайтарып беруі керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1627925-qyzynynh-emine-aqsha-zhinap-otany-tegin-zh.html