RU

Таразда дәрігерлер «сау баламды сал қылды» деген ана әділдікке жете алмай жүр

Тараз тұрғыны баласын дәрігерлер сал қылғанын айтып, жанайқайын жеткізді. Айтуынша, ақхалаттылар кішкентай нәрестеге дұрыс диагноз қоя алмай, ауруын асқындырып жіберген. Сөйтіп бүлдіршін мүгедек болып қалыпты деп хабарлайды КТК арнасы.

Емдеу мекемесі мамандарының қателігін медициналық қызметті бақылау департаменті де анықтаған екен. Алайда жауаптылар әлі күнге жазаға тартылмапты.

Сырлыбек Арманның алты айлығына дейін бойында ауытқу немесе басқа да аурудың белгілері байқалмаған дейді анасы. Ал, ендігі күйі мынау. Басын көтеріп, ас-ауқат ішудің өзі мұң. Қазір Сырлыбек екі жаста.

Анасының айтуынша, оны осындай хәлге түсірген – дәрігерлер. Бүлдіршін бір жарым жыл бұрын лоқсып, дене қызуы көтерілгесін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген екен. Оған ішек инфекциясы диагнозы қойылып, бір жеті ем алыпты. Алайда, кейіннен сырқаттың минингитке шалдыққаны анықталған.

Тағы оқыңыздар: Министрлік жолаушыларды дүрліктірген "Эйр Астананың" мәлімдемесіне жауап берді

"Біз мұнда келгенде ішек инфекциясы болған жоқпыз. Ондай кезде баланың іші өтіп салмақ тастайды, дұрыс па? Менің баламда ондай болған жоқ. Тек, құсты және қызуы көтерілді. Оны оқымаған мен де білемін. Мидың синдромы екенін. Оқыған дәрігерлер неге білмейді оны?!", - деп күйінді Арманның анасы.

Сымбат Спанидярованың сөзінше, қате диагноздың кесірінен баласының хәлі нашарлап, 23 күн ес-түзсіз жатқан. Кейін беті бері қарағасын, анасы Сырлыбекті Астанаға апарып емдетіпті. Бірақ, нәтиже болмаған. Ақыры сәбиі жеті айлығында мүгедек болып қалды. Қазір, бүлдіршіннің миының 95 пайызы өлі.

Ақхалаттылардың қателік жібергенін медициналық қызметті бақылау департементі растаған. Бірақ, сонда да жазықтылар жауапқа тартылмайды дейді ашулы ана. Тіпті, ем-дом жасаған мамандардың үстінен арыз түсірсе де, қозғалған қылмыстық іс 7 айдан бері түрлі сылтаумен сотқа жетпей жатыр екен. Ал, емдеу мекемесінің басшысы әдеттегідей өздеріне шаң жуытатын емес.

Белгілі болғаны, дәрігерлер тағылған айыпты мойындамай, қосымша сараптама тағайындалған екен. Тергеу ісінің тұралауына осы себеп болыпты. Енді соның нәтижесін күту ғана қалған. Ал, Сымбат Спандиярова, әділдікке жету үшін өліспей-беріспек емес. Тіпті, баласын мүгедек қылды деген мекемеден моральдық және материалдық шығын есебінде, 7 жарым млн теңге талап етпек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1628471-tarazda-darigerler-sau-balamdy-sal-q.html