RU

Бағдат Мусин қолдан құрастырып iPhone сатқан алматылықтарға цех ашып беруді ұсынды

Бас прокуратура өкілдері Алматыда жасырын цех ашып, iPhone бөлшектерін құрастырып сатумен айналысқан алаяқтар туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді деп хабарлайды NUR.KZ.

Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің басшысы Бағдат Мусин смартфондарды қолдан құрастырған жастарға заңды бизнеспен айналысуға мүмкіндік беру керектігін айтады.

Тағы оқыңыздар: Жеңгетайлықпен айналысқан нұротандық депутат қыз мандатын қайтарып берді

"Жігіттер iPhone-ды қолдан жасаған! Бұл керемет емес пе?! Менің ойымша, керісінше оларға заңды бизнеспен айналысуға мүмкіндік беру керек. Оларға қандай да бір техника жасау үшін технопарктердің бірінен цех ашып беруге көмек көрсетуіміз қажет.

Бәлкім жеңілдетілген несие беру керек болар?! Неге олай жасамасқа?", - деп жазады Мусин өзінің Facebook парақшасында.

"Қалай болғанда да "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын жарияладық қой. Егер олар iPhone смартфонын арзан бөлшектерден жасаған болса, демек қолдарынан іс келеді деген сөз. Кәсіппен де айналыса алады", - деп атап өтті ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше Алматы қаласында заңсыз жолмен iPhone смартфондарын қолдан жасап сатқан бірнеше адам ұсталған болатын.

Ұстау операциясы кезінде күдіктілерден 30 смартфон тәркіленген. Олар дайын өнімдерін Алматы мен Қазақстанның өзге де қалаларына сатып келіпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1628828-baghdat-musin-qoldan-qurastyryp-iphone-satq.html