RU

Алматыда мектеп оқушысына пышақпен шабуылдаған педофил іздестіріліп жатыр (фото)

Алматыда педофил іздестіріліп жатыр. Ол қала іргесінде 10-шы сынып оқушысын зорламақ болған. Арам пиғылы жүзеге аспаған соң, дереу із-суытып үлгеріпті. Бұл туралы Алматы арнасы хабарлады.

Ауыл тұрғындары осы оқиғадан кейін, балаларын тысқа шығарудан қалған. Өйткені, әлгі азғын қапылыста балаларға тағы да шаба ма деп қорқады.

Осы күні Теректі ауылынан тыныштық кеткен. Себебі, қаскөй арам ойын жүзеге асырмақ болғаннан бөлек, жасөспірімнің өмірін қия жаздапты. Күдіктінің қолында пышағы болған. Суық қаруымен қызды жарақаттап та үлгеріпті. Абырой болғанда, тұрғындар қызды құтқарып қалған.

Тағы оқыңыздар: Әлемдік рекорд орнатқан баскетболшы қоян желіде жұлдыз болды (видео)

Оқиға болған күні Алатау аудандық полиция қызметкерлері онда иісшіл иттермен келіп маңайды кезіп шықты. Бірақ, ол қашып үлгерген. Қыздың суреттеуі бойынша қаскөйдің фотороботы жасалды. Қазір сол бойынша жақын маңдағы адамдар сұрастырылуда. Бұл жайттан кейін өрімдей қызды анасы қосымша сабаққа жібермейтін болыпты. Себебі, ол жайт қыз қосымша сабақтан келе жатқанда болған.

Күдікті жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін жасөспірімді бірнеше метрге дейін сүйреп алып барыпты. Қыз шөптерден ұстанып қалмақ болыпты. Алайда, оны ештеңе тоқтатпаған. Тек "үніңді шығарсаң өлтіремін" деп қорқытады.

Өрімдей қыздың айқайлаған дауысын естіген адам табылыпты. Осы кезде куәгерлердің бірінің көзіне түсіп қалған ол жалма-жан қашып кетеді.

«Талдың арасынан бір үлкен кісі алдымнан жүгіріп шықты, балам тоқташы деді. Мен машинамен келе жатқанмын. Не болды деп сұрасам қасында жарақаттанған қыз бар.

Ол қызды ұрған болмаса, пышақтаған, қан кеткен. Үстіндегі кофтасы жыртылған. Өзінің денесін қолмен жауып келе жатыр. Қыз сөйлейтін шамада емес. Есін жоғалтып алған.

Не болды деп едім? Біреу зорламақшы болып, мен үстінен келіп жабыстым деді. Әйел адам екен. Сөйтіп айқайладым, бір үлкен ер адам келді, бірақ ол кісінің шамасы жетпеді, күдікті қашып кетті деді. Жүгіріп, жүгіріп іздедік. Мен өзім таппағаннан кейін қызды отырғызып алып үйіне алып барып, анасына, әжесіне, ағасына табыстадым»,- деді куәгер, Құдайберген Жолиханов.

Тағы оқыңыздар: Әйгілі Майк Тайсон Головкиннің жанкүйері екенін жеткізді

Оқиға туралы естіген бойда қыздың туысқандары оны Алатау ауданының ІІБ алып барған. Жәбірленушінің айтуынша, күдіктінің жасы 50-60 жас шамасында.

Жасөспіріммен психологтар жұмыс істеуде. Ықшамаудан тұрғындарын дүрліктірген бұл жалғыз жағдай емес екен. Бұған дейін де тұрғындардың тыныштығын бұзған оқиғалар көп болыпты.

Әзірге күдіктінің қашан қолға түсері белгісіз. Полицейлер оны анықтау үшін қосымша күш жұмылдырған. Бір анығы - әлгі азғынды ауыл тұрғындары осы маңнан бірнеше рет байқаған. Соған қарағанда, Теректіге жиі келетін көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1628966-almatyda-mektep-oqushysyna-pyshaqpen-sh.html