RU

ОҚО-да зорлықтың құрбаны болған оқушы қызды директор мектептен қуып жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында 13 жастағы Ж. есімді қыздың зорлықтың құрбаны болғаны туралы өткен аптада хабарлаған едік. Осы мақаладан соң Шымкенттегі мектеп-интернат басшылары оқушыны оқу ордасын босатуды талап етіп жатыр деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

- Маған кешелі-бері мектеп директоры телефон шалып:«Қызың бүлінген екен ғой, алып кет!», - деп маза бермей жатыр. Осы мақаладан соң Ордабасы ауданының білім бөлімінен мамандар келіп, күштеп қол хат жаздырып алды.

«Азғынның құрбаны болған қызыма әкімдік пен білім бөлімі жақсы көмектесті, білікті маман жіберді, емдеді, шағымым жоқ», - деп жазып бердім. Жазбасыма болмады. Негізі ондай жұмыс атқармаған еді, қызымды оқудан шығарып жібере ме деген қорқыныштан осындай қадамға бардым. Енді, міне,  мектеп директоры қуып жатыр», - деп жылады зардап шеккен оқушының анасы.

Өткен жолғы мақаламызда біз зорланған оқушы туралы қауесет Ордабасы ауданына тарап кеткендіктен, жергілікті мектеп директорларының барлығы зардап шегушіні білім ордасына қабылдамай қойғанын ашық жазған едік. Баласының білімсіз қалуынан қорыққан анасы қызын Шымкенттегі мектеп-интернатқа беріп, оқиғаны директордан жасырған.

Атышулы істі қолға алған қоғамдық белсенді, танымал заңгер Айгүл Орынбекке интернат басшылары оқушыны мектептен қуудың бірнеше себебін де айтыпты.

«Мектеп басшыларына баланың құқығын түсіндіргеніммен, нәтиже жоқ. «Зорланған қыз түнде тұрып бөтен еркекпен кетіп қалуы мүмкін, ашуға булығып өзге қыздардың өмірін қызғанып, оларды тұншықтырып өлтіруі мүмкін» немесе «өзіне өзі қол салуы мүмкін» деген алдын ала болжамдары бар. Олардың ойынша, зорланған қыздар бөлек оқшауланып оқуы тиіс. Өкінішке орай елімізде ондай білім ордасы жоқ. Енді Білім министрі осындай жеткіншектерге арнап мектеп ашар, соны күтеміз. Себебі, соңғы уақытта елімізде зорлықтың құрбаны болған оқушы өте көп. Бұл менің Сағадиев мырзаға жеке ұсынысым. Бірер күнде интернаттан қыздың құжатын алып кетеміз. Мақсатымыз - оқушыны қабылдайтын мектеп іздеу. Шындығын айтсақ, педагогтардың ешқайсысының зардап шеккен оқушымен жұмыс жасауға ынтасы жоқ», - деді танымал заңгер.

Тағы оқыңыздар: Алматылық бойжеткен халал жезөкшеліктен қалай қашып құтылғанын айтып берді

Қоғамдық белсенді «Үнсіз қалма» ұйымының басшысы Дина Исмаилова болса оқушыны мектепке қабылдамаған мектеп директорларының барлығын сотқа беру керектігін айтады.

«Мақаланы оқып шығып түсінгенім, оқушының құқығы әбден тапталған. Зорланған қызды мектепке қабылдамай қоюға директорларға кім пәрмен берді? Мен бұл баланың ата-анасына айтарым, қызды мектепке кіргізбеген және қуған басшының барлығын сотқа беріп, моральдық өтемақы талап етсін. 100 пайыз жеңетініне сенімдімін. Ал, жергілікті әкімдік тарапынан және білім басқармаларының психологиялық көмек көрсетпеуі, баланы басты назарға алмауы дегені тіпті сұмдық. Әкімдікте отырған мамандар азғынның құрбаны болған оқушының ата-анасына осындай жағдайда көмек беретін ұйымдардың телефонын, мекен-жайын беріп, қолдау көрсету керек. Зорлықтың құрбаны болғанға қол ұшын беріп, уақытша паналататын ұйым Шымкентте бар. Әкімдіктегілер осы жұмысты дұрыс атқармауын - мемлекет саясатын қолдамау деп түсінуге болады. Осындай жауапсыздардың арқасында ел мемлекетке, үкіметке сенуден қалады»,- деді Дина Смаилова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1629041-oqo-da-zorlyqtynh-qurbany-bolghan-oqushy.html