RU

Депутаттар жас отбасыларға төмен пайызбен несие беруді талап етті

 Депутаттар әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жастарға бес пайыздан да төмен несиемен баспана берілсін деген ұсыныс жасады деп хабарлайды КТК арнасы.

"Әскерилерді үймен қамтамасыз ету шаралары қаралған болатын. Сонда үймен қамтамасыз етілгенге дейін бес пайыздан банктен несие беріледі деп. Сол жағдайды мына әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына жастарға үй алуға соның пайызын төмендетуге бола ма деген ұсыныстар бердік", - дейді мәжіліс депутат Марат Бопазов.

Өйткені, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» биыл 17 миллиард табыс тауыпты. Депутаттар сол қаржының есебінен баспанаға берілетін несиенің бес пайыздан да төмендетуге болады дейді. Қазір елімізде екі жарым миллион адам үй алу үшін кезекте тұр екен. Олардың көбі жас отбасылар мен жоқ-жітік жанұялар.

Банктің басқарма төрағасының орынбасары Мирас Бейсембаев бұл мәселе қарастырылатынын айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біз таза түскен табысты қалай пайдалану қажеттігі бойынша акционерлерімізбен ақылдасамыз. Оның ішінде әлеуметтік әлжуаз топтарға несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету мәселесі бар", — дейді ол.

Тағы оқыңыздар: Қазақстандық көлік өндірушілер Өзбекстан нарығынан айырылып қаламыз ба деп үрейленіп отыр

Айта кету керек, мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін үйлердің шаршы метрі аймақтарда 140 мың теңгеге дейін жетеді. Алматы, Астана, Ақтау, Атырауда 180 мың теңге.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан баспаналарды талқылаған депутаттар үкімет мүшелеріне тағы бір ескерту жасады. Мәжілісмендерге бір типті көпқабатты үйлер де ұнамайды екен. Ал шенеуніктер мемлекеттік бағдарламаға сай Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қостанайда сыртқы сәулеті бірдей екі мыңға жуық үй салмақ.

"Алты аймақта бір типті үй салып, кеңестік менталитетке қайта оралмақсыздар. Әр өңірдің өз ерекшелігі болуы қажет. Сонда туризм де дамиды. Ақтөбе Павлодарға, Петропавл Шымкентке ұқсамауы тиіс. Ақша бөлінді, енді соны дұрыс жұмсауға болмай ма?", - дейді мәжіліс депутатыАнар Жайылғанова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1629388-aleumettik-zhaghdayy-tomen-otbasylargh.html