RU

Шымкенттің бас полицейі қызға қол көтерген әріптесінің әрекетін ақтай алмады

Шымкентте бойжеткенді ұрып құлату оқиғасы бойынша полицейлер өз уәждерін айтты. Қазіргі таңда қызды тепкен тәртіп сақшысына қатысты қызметтік тексеріс басталған. Бұл туралы қалалық жергілікті патрульдік полиция бастығы Данияр Мейірхан мәлімдеді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Тәртіп сақшылары қыздарға қол көтерген 26 жастағы азамат пен оның жанындағы азаматшаларды полиция бөлімшесіне жеткізбек болады. Алайда ұсталған азамат полицейлердің айтқанына бағынбай, қарсылық көрсеткен. Кейіннен жас жігітке қасындағы бойжеткен жақтаспақ болады. Куәгерлер түсірген видеода полиция қызметкерінің бойжеткенге қол көтергені түсіп қалған.

Қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар азаматтардың жеке тұлғалары анықталып жатыр. Дәмханада орналасқан бақылау камерасындағы түсірілімдер зерттеледі.

Шымкенттік жергілікті полиция қызметі өз қызметкерінің әрекетін ақтамайды. Қызметкерлерге қатысты әрекеттерінің заңдылығын анықтау үшін қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Нәтижесін хабарлаймыз", - дейді Данияр Мейірхан.

Тағы оқыңыздар: 63 жастағы қазақстандық кейуана әлі күнге дейін пәк екенін айтып, ағынан жарылды

Полиция қызметкерлері 26 жастағы күдіктінің бір қызды бетінен ұрғанын, екіншісінің шашын жұлғанын анықтаған. Сондай-ақ, күдіктіні ұстау кезінде жанындағы бойжеткен тәртіп сақшыларына қол жұмсап, былапыт сөздер айтқан көрінеді. 

Мейірханның мәлімдеуінше, екінші куәгер түсірген видеода қыздың тәртіп сақшыларына жаман сөздер айтқаны көрініп қалыпты. Бойжеткен тіпті ішкі істер қызметкерлеріне қарсы шығып, олардың погондарын жұлып алып, көшеге лақтырған. Қыздың бұл әрекетіне қатысты енді тиісті шаралар қолданылатын болады.

ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы NUR.KZ порталына хабарлағандай, полицейлердің жедел іс-шараларының жүргізу барысында екі күдікті ұсталды: бірі Қызылорда облысының 1991 жылғы тұрғыны, ер азамат, екіншісі Шымкент қаласының 1994 жылғы тұрғыны, жас қыз. Екеуі де оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Әл-Фараби ПБ-не жеткізілді.

Аталған факт Қылмыстық кодекстің екі бабы: 293 «Бұзақылық» және 380 «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша  тіркелген. Екі күдікті де қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1631046-shymkentte-boyzhetkendi-ishinen-teuip-q.html