RU

Тактикалық оқу-жаттығу

Қазақстан Астанада өтетін ОБСЕ саммиті мен қысқы Азия ойындары кезінде оқыс жағдай болдырмаудың барлық амалдарын қарастырып жатыр.

Осы іске жауапты Төтенше жағдайлар министрлігіне бюджеттен қосымша 327 миллион теңге бөлінді. Бүгін аталған мекеме мамандары Алматы мен Астанада арнайы тактикалық оқу-жаттығу шараларын өткізді. Толығырақ Ербол Мәндібек әңгімелейді.

Ербол Мәндібек - тілші

"ОБСЕ саммиті кезінде кез-келген оқыс оқиғаға дайын болу Төтенше жағдайлар министрлігінің басты мақсаты. Алқалы жиын өтетін алып ғимараттарды қауіптен ада қылу жұмыстары қазірден басталып кетті. Бүгінгі оқу-жаттығудың мақсаты да соған саяды. Оған 400-ден астам маман мен 80 техника тартылған".

ОБСЕ саммиті кезінде кез-келген оқыс оқиғаға дайын болу Төтенше жағдайлар министрлігінің басты мақсаты

Саммит өтіп жатқан ғимараттан өрт шықты. Әлемнің әр түкпірінен келген жоғары лауазым иелерінің өміріне қауіп төніп тұр. Осы сәтте құтқарушылар жедел әрекет жасауы тиіс. Білгенінен жаңылмауы керек. Құрал жабдықтармен сақадай сайланған жігіттер бірінші мақсатты орындауға кірісті. Нәтижесінде, шетелдік қонақтарды қысқа жолмен тысқа шығарып үлгерді. Ал, мынау жарақаттанғандарға көрсетілетін алғашқы көмек. Осылайша адамдар аман қалып, апаттың зардабы жойылды. "Әрине, әлгі жағдайдың шынайы болуынан құдай сақтасын" дейді мамандар. Бірақ сақтансаң сақтайтыны хақ. Бүгінгі жиынға бақылау жасаған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко қарамағындағыларға кезекті тапсырма беріп жатыр.

Владимир Божко - ҚР төтенше жағдайлар министрі

"Аса қатаң қорғауда болатын тұлғалар тұратын жерлерге қатысты ақпарат дайындаңдар! Мәртебелі меймандар орналасатын нысандарға байланысты мәселелерді Президент ісі басқармасына алдын ала жіберу керек".

Оқу-жаттығу жұмыстары Астанадағы спорт кешендерінде жалғасты. Алда қысқы Азия ойындары. Оған да осы бастан дайын болу керек. Бүгін бас-аяғы Астанада 11 нысанда осындай шаралар жүргізілді. Ал, мынау - Алматыдағы Медеу спорт кешені. Бұл жерде аспалы жол арқылы Көктебеге көтерілгісі келген шетелдік мейман орта жолда төтенше жағдайға тап болды. Бар үміт - құтқарушыларда. Осындай оқиғаларға маманданған жігіттер қауіптің бетін қайтарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/163155-taktikalyk-oku-zhattygu.html