RU

Ақтөбеде көлігімен екі адамды қағып кеткен студент қыз сотта соңғы сөзін айтты

Ақтөбе қаласы тұңғыш президент атындағы саябақтың маңында екі жаяу адамды жеке көлігімен қағып кетіп, оның бірін мерт қылған 19 жастағы студент Сезім Самұрат жұма күні сотта соңғы сөзін айтты.

7 шілдедегі жол-көлік оқиғасы салдарынан 19 жастағы бойжеткен қайтыс болып, оның жанындағы жас жігіт ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен болатын. Сотта Сезім Самұрат оқиға кезінде көлікті басқара алмай қалғанын айтып, мерт болған қыздың туыстарынан кешірім сұрады.

Жол-көлік оқиғасынан қаза болған бойжеткеннің туыстары өздеріне Сезім Самұраттың материалдық және моральдық шығындарды өтегенін айтып, соттан оған жеңіл жаза тағайындауын өтінді.

Тағы оқыңыздар: Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынды ауа райы сақталады

Мемлекеттік айыптаушы судьядан сотталушыға екі жарым жыл бас еркіндігінен айыру жазасын тағайындап, оны көлік жүргізу құқығынан бес жылға айыруды сұрады.

Сотталушының адвокаты Әділбай Бертілеуов 19 жастағы студент қызға прокурор тым қатаң жаза сұрайды деп санайды.

Прокурордың айтуынша, жол-көлік оқиғасы болған тұста сағатына 60 километрден аспайтын жылдамдықпен жүру рұқсат етілгеніне қарамастан, Сезім Самұрат көлігін сағатына 91 шақырым жылдамдықпен жүргізіп келе жатып апатқа ұшыраған.

Бұл іске қатысты сот үкімі 2 қазанда шығуы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1633903-aqtobede-koligimen-eki-adamdy-qaghyp-k.html