RU

Алматылық отбасы бірнеше айдың ішінде төрт бала асырап алды (фото)

Алматы облысының тұрғындары Біржан мен Әлия қыз баланы асырап алғысы келгендерінде көпбалалы ата-ана атанатынын мүлде күтпеген. Алайда тағдыр оларға тосын сый жасады деп хабарлайды NUR.KZ.

Жаңа жылды ерлі-зайыптылар екі ұлымен ғана тойлаған болатын. Әлия Әбсеметова қызды болуды армандап келгесін отбасы қыз баланы асырап алуды ұйғарады. Алайда Жамбыл ауданының асырап алу органдары отбасына төрт баланы асырап алуды ұсынған.

"Біз үлкен тексерістен өттік. Істі болмауың керек, жұмыс орнынан жақсы мінездемең болуы керек. Көршілеріңнен де мінездеме қажет. Отбасында ешкім жүйке ауруларымен тіркеуде болмауы тиіс. Бәрінің денсаулығы жақсы болғаны маңызды", - дейді Әлия.

Отбасы Қарағанды облысындағы төрт баланы асырап алуды ұйғарып, оларды үйіне шақырады. Балалар жаңа үйін көріп, бірауыздан қалуға келісім берген.

Осылайша үш ұл мен бір қыз алматылық ерлі-зайыптылардың отбасында қалды.

Тағы оқыңыздар: Айгүл Иманбаеваның тұрмысқа шығатыны рас па?

Қазақ отбасына келіп түскен орыс және неміс балаларын ерлі-зайыптылар бөліп-жармайтынын алға тартты.

"Әр бала бақытқа лайық деп санаймыз. Балалар қазақ тілінде сөйлейді. Олардың екеуі қазақ мектебінде білім алып жатыр. Олар өздері орыс сыныбына барудан бас тартты", - дейді Әлия.

Отбасы әр демалыс күнін бірге өткізіп, қыдырады. Ал туған күнді, тіпті ерекше атап өтеді.

"Біз бәрін туған күнінде түнгі 12-ге дейін ұйықтамай құттықтаймыз. Оған дейін ешкім ұйқыға кетпейді. Тортты жасырып, 12 болғанда жабыла құттықтаймыз. Сыйлықтар ұсынамыз. Балалар бұл күнді сарғая күтеді", - дейді Әлия.

Көпбалалы ана алты балаға да бар уақытыңды бөліп, сүйіспеншілікке бөлеу оңай еместігін, дегенмен бұл өмірдің мәніне айналатынын айтуда. Ол отбасында барлық балалары бір-біріне бауыр басып кеткенін де жасырмайды.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбеге келген Димаш Құдайбергеновті әкесі журналистерге көрсетпей қойды

"Баланы асырап аларда жолдасыңа сенімді болуың керек. Мен күйеуіме осы күндерім үшін алғыс айтамын. Балаларды асырап алғаннан кейін оны кері қайтару туралы мүлде ойламау керек. Бұл ол үшін үлкен соққы болады", - дейді Әлия.

Ерлі-зайыпты балаларының туған ата-анасымен араласуына қарсы емес. Тек оларды есейіп, аяқтан тұрмайынша ешкімге бергісі жоқтарын айтуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1634368-almatylyq-erli-zayypty-birneshe-aydynh.html