RU

Астанада алғаш рет отандық БАҚ-тың басын қосатын медиа-апталық өтеді

ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазмедиа орталығы» xалықаралық медиа-xабының аумағында 4-6 қазан күндері Astana Media Week бірінші қазақстандық медиа-апталығы өтеді.

Аталған апталық аясында қандай шаралардың ұйымдастыратындығын ҚазАқпарат тілшісіне «Қазмедиа орталығы» пиар және маркетинг бөлімінің басшысы Айбол Арғынғазинов тарқата айтып берді. «Жалпы біздің еліміздің отандық медиа-индустриясы тарихында Astana Media Week атты медиа-апталық бірінші рет өткізілгелі отыр. Бұл апталықтың басты мақсаты - медиа нарығына қатысушылардың басын біріктіріп, ортақ бір алаңда жинау, өзекті ортақ мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсыну.

Шара негізінен үш күннің ішінде өтеді. Бірінші күн «Контент-маркет» деп аталады. Онда ұлттық телеарналардан бастап, шағын жекеменшік телеарналарға дейін арнайы ұйымдастырылатын көрмеге қатысып, продакшн компаниялар мен телеарналардың арасында тікелей сұхбат алаңын жасаймыз деп жоспарлаудамыз. Яғни, телеарналар өздері тарабынан қандай өнімге сұраныс бар екендігін, контенттік саясатын қалай жүргізетіндіктерін айтса, продакшн компаниялар өздерінің мүмкіндіктерін, қандай өнімдерді ұсына алатындықтарын әңгімелеп беретін болады», - деді ол.

Айбол Арғынғазиновтың атап өтуінше, сол күні отандық телеарналардың мэтрлері телеөндіріс, кино өндірісі, шоу-бизнес, радио журналистикасы сынды салаларға қатысты шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибелерімен бөліседі. «Бұл шараға тек қазақстандық қана емес, сонымен бірге Орталық Азия елдерінің ақпарат саласына жауапты мемлекеттік органдарын, негізгі ірі телеоператорларын шақырудамыз.

Мұнан бөлек MediaTalks алаңы ұйымдастырылады. Онда Михаил Дорефеев, Ләйлә Сұлтанқызы сынды ақпарат саласының білікті тұлғалары жас журналистермен, журналистік салаға қадам басып, кәсіби маман болғысы келетіндермен тәжірибе бөліспек.

MediaTalks-тің негізі ерекшелігі - құпия спикердің болуы. Ол да медиа саласында есімі белгілі тұлға», - деді бөлім басшысы. Оның сөзіне қарағанда, шараның екінші күнінде «Astana Digital Forum» форумы өтеді. Онда электронды интернет-басылымдардың жай-күй талқыға түсіп, қазіргі күннің өзекті тенденциялары электронды сауда, криптовалютаға көшу сынды өзекті мәселелер көтеріледі. «Оған Google, Yandex, YouTube секілді ақпараттық технологиялардың әлемдік нарығындағы ірі ойыншылардың өкілдері келеді деп күтілуде.

Жалпы бұл алаң да интернет журналистика саласында қызмет ететін адам үшін өте пайдалы болады деп ойлаймыз. Ал үшінші күні «Өңірлік БАҚ» форумы өтіп, баспа БАҚ-тың жай-күйі, өзекті мәселелері, оларды сақтап қалу, аймақтық деңгейдегі мәселелерді көтеру, БАҚ саласындағы заңнамалар, өзгерістер, журналистика әдебі сынды мәселелер қозғалады.

Сонымен қатар осы іс-шараның аясында Қазақстан баспасөз клубының ұйымдастыруымен «PR күні» ұйымдастырылады. Бұл жылда ұйымдастырылатын дәстүрлі шара. Оған қоғам және жұртшылықпен байланыс саласының мамандары қатысып, өздерінің өзекті мәселелерін талқыға салады. Мұнан бөлек «Қазконтент» АҚ ұйымдастырған «Жылдың ең үздік баспасөз қызметі» байқауының жеңімпаздары анықталып, марапаттау шарасы өтеді. Жалпы, Astana Media Week апталығын Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырмасы бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараға айналдырмақпыз», - деді Арғынғазинов.

*PR құқында

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1634898-astanada-alghash-ret-otandyq-baq-tynh-bas.html