Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір тойдан 10 мың долларға дейін табатын халал асабалар туралы не білеміз?

Опубликовано:

«Халал» сөзі бұрын-соңды азық-түлікке қатысты ғана айтылса, қазір осындай жұмыс түрлері де бар. Мәселен, заңгерлік және сақтандыру сынды қызметтер бойынша өздерін «халал» деп атайтындар бүгінде жиі кездеседі. Әсіресе той-томалақ пен жиындарды, діни мерекелік шараларды басқарып, жүргізетін халал асабалар қатары күн санап көбейіп келеді деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Айдарбек Нұртілеуұлы есімді азаматтың халал асабалықты қолға алғанына бірнеше жыл болған. Ал үлкен тойларды басқарып жүргеніне биыл екі жылдан асыпты.

«Халал асаба десе бәрі арақ ішпейді, айырмашылығы сол деп түсінеді көпшілік. «Халал» сөзі - Алланың тиым салғандарына алшақ бол дегенді білдіреді. Яғни, мен халал тойды басқарып қана қоймай, сонда жиылған қонақтарға халалдың мәнін, жалпы құрмет, бауырмалдылық, сыйластық туралы уағыздар айтып, исламға бір қадам жақын болуына септігімді тигізем десем болады.

Тағы оқыңыздар: Террористер мен футбол фанаттарының мінезі ұқсас болып шықты

Тойға келгендер халал екенін естігенде басында кішкене қипақтап отырады. Жасыратыны жоқ тең жартысы халал тойды жақтырмайды да. Бірақ оның мәнді, қызықты өтуі асабаның қолында. Менің байқағаным қазақтар «ислам, шариғат» деген сөзді көп ұната бермейді. Сол үшін мен ұлы адамдардың ұлағатты сөздері мен жырларын жатқа айтып, «Әруақты Райымбек, Жыр сүлейі Сүйінбай» деген кезде барлығының арқасы қозып, айтқаныңды соңына дейін ұйып тыңдайды», - деп түсіндірді Айдарбек.

Халал асабаның арманы -  жабық киініп, діни және патриоттық әндер орындайтын өнер иелерінің басын қосып, Қазақстанда халал эстрада құру арқылы ислам дінінің абыройын арттыру.

"Егер ісім оңға басып кетсе, әр тапсырысымның 10-15 пайызын мешітке зекет ретінде құйып тұрамын", - дейді ол.

Халыққа ерекше пародияларымен танымал «Өнер қырандары» театры актерларының айтуынша  халал той өткізуден Алматы мен Шымкент өңірі көш бастап тұр.

Той жүргізуде арнайы бағамыз жоқ деген олар жүрегімен шын қалап тұрса, тегін қызмет жасайтындарын ашық айтты.

«Халал той жасаушылар өте көп. Құдайға шүкір, апта сайын халықтың түрлі мерекесін жүргіземіз. Ең үлкен халал той, яғни, 600 қонағы бар жастардың үйлену тойы Сарыағашта болды. Бұл жерде ер адамдар тойхананың оң жағында, әйелдер сол жағында отырды.

Кейде театрымыздың төрт актері жеке-жеке той басқарады, кейде барлығымыз бірге қойылым көрсетіп, тойда қазақтың ұлттық ойындарын өткізіп, керемет басқарып шығамыз. Енді елдің бәріне жағу мүмкін емес. Той халал өтіп жатқанымен кейде қонақтардың кеш соңында мас болып қалғанын да көзімізбен көрдік»,- дейді жас актер Мэлс Жақыпберді.

Тағы оқыңыздар: Трамп: Зымыран адаммен келіссөз жүргізу - уақытты босқа кетірумен тең

Әртіс жігіттердің айтуынша, халал тойда да күтпеген қызықтар көп болады екен. Әсіресе ащы су ұрттағанды ұнататын азаматтар өзіне тілек айтуға сөз бергенде «алып қойыңдар» деп алып, артынша «халал той екенін ұмытыппын, кешіріңіздер» деп сөзінен жиі шатасатын көрінеді.

«Тойдың аты той. Сондықтан да халықты жалықтырып алмас үшін театрланған қойылымдар көрсетеміз. Сырттай күлкілі болып көрінгенімен, түпкі мағынасы рухани азық. Жалпы той иелері, халықтың да жиі сұрайтыны отбасылық, келін мен ененің арасындағы татулық, ананы құрметтеу сынды уағыздары бар ерекше нөмірлер. Бұл әзілді қойылымдарды діни басқарманың білікті имамдарымен ақылдаса отырып, арнайы дайындаймыз.

Тойда болсын, концертте көрсетілген әрбір дінге қатысы бар қалжың білікті мамандардың сүзгісінен өткен. Тағы бір айтары елдің бәрі ойлайды халал тойда билемейді, ән айтпайды деп.

Халал тойда әнде айтылады, келіннің беташары жасалады, би де билейді, ойын да ойнатылады. Тек шектен шықпау керек. Яғни, мағыналы сөз айтылып, мәнді әндер қойылады» ,- дейді Жанболат Найзабеков.

 

Ең қымбат халал асаба –Атырауда

Бақыт Дәлелхан есімді халал асабаны біз ғаламтордағы жарнамасы арқылы таптық. Той тізгіндеуші азамат мерекемен қатар о дүниеге аттанған жанның асын беру, қонақасы сынды діни рәсімді де жүргізетінін  жасырмады.

Тағы оқыңыздар: Еліміздің бірнеше облысында жүргізушілер бензин таппай көше кезіп жүр

«Мен той жүргізуге 2500-3000 доллар көлемінде ақша алмын. Ал қонақасы мен жылдық таратуға нақты баға қоймаймын. Бергеніне қанағат тұтамын. Бұл қатты қымбат баға емес. Атырауда 10 мың долларға тойды басқаратын танымал халал асабалар бар.

Гонорардың қымбаттылығы жүргізушінің  шешенділігіне байланысты. Осы бағаға сай біз адал еңбек етеміз. Яғни құран кәрім үзінділерін, жыр-дастандарды, Абай атамыздың қара сөздері мен ұлылардың ұлағатты әңгімелерін жаттап, арнайы дайындаламыз. Орта есеппен алғанда 22 кітап болатындай жырды жатқа білемін», - деп мақтанды Бақыт Дәлелхан.

Тағы бір айтары, халал асабалар қазақ жерінде нағыз шариғат жолымен жасалған тойдың болмағанын алға тартты. Арақсыз өткен мерекеде әйелдер ашық-шашық киініп, діни ғұрып сақтала бермейді екен. Тек ащы судан аулақ болғандықтан «халал» атанып кеткен.

Сондай-ақ, халал той жасау басқаларымен салыстырғанда анағұрлым арзанырақ түседі екен. Себебі, тойға құйылатын ащы судың бір шөлмегінің ең арзаны 1500 теңге десек, қымбаттарының бағасы 15 мың теңгеге жетеді. Мейрамхана әкімшілерінің есебінше 200 адам үшін 100 бөтелке спирттік ішімдік құйылады. Осылайша бір тойдан 150-200 мың теңге үнемделеді екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1635046-qazaqstandyq-khalal-asabalar-musylma/

pixel