RU

Елбасы курстастары: Назарбаевтың есімі әуежайдан гөрі Нобель сыйлығына лайық

Мемлекет басшысымен бірге оқып, бүгінде «Елбасы курстастары» қорын басқарып отырған Тельман Спаев есімді ақсақал Qamshy.kz агенттігіне берген сұхбатында Назарбаевтың есімі әуежайдан гөрі Нобель сыйлығына лайық екенін айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

"Нұрекеңнің ерекше қасиеттері көп қой. Оқып жүргенде староста болды, ұйымдастыру қабілеті керемет еді. Училище оқушылары металл сынықтарын жинау сынды қоғамдық жұмыстарға жұмылдыратын.

Сонда Нұрекең 21 баланы екіге бөліп, бір бірімен жарыстырып, жұмыс істететін. Сондай ұйымдастыру нәтижесінде біздің топ басқалардың алдында жүретін", - деп әңгімесін бастаған қария бүгінде ел басқарып отырған Нұрсұлтанның басшылық қасиеттері сол кезде қалыптасқанын айтты.

Тағы оқыңыздар: Еліміздің үш облысында тағы да дабылды ескерту жарияланды

"Президент Назарбаев бізбен курстас болған Назарбаевтан өзгеріп бөтен адам болып кеткен жоқ. Қарапайымдылығын, көшбасшылығын, турашылдығын, іскерлігін айтам. Ол бұрыннан айналасына қамқор болатын.

Президенттік қызметінде бүкіл Қазақстанның жақсы ғұмыр кешуіне, болашағына күш салып жатқанына біз ғана емес, халық куә. Біз бір жылдары елбасының еңбегін ескеріп, Нобель сыйлығына ұсыну туралы бастама көтергенбіз.

Өткенде депутаттар елбасының атын әуежайға беру туралы бастама көтергенін білеміз. Мен бұған шыны керек намыстандым. Әуежай, вокзал деген ол қаланың кіретін, шығатын есігі ғой. Елбасының атын есіктің аузына қойғанымыз дұрыс па? Осыған наразы болдым", - дейді Тельман Спаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1635104-elbasy-kurstastary-nazarbaevtynh-esi.html