RU

Отандық бизнес пен БАҚ өкілдеріне Швейцарияның МВА грантын иелену мүмкіндігі туды

Отандық бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Швейцарияның МВА грантын иеленуіне мүмкіндік алды. Бұл туралы Астанада «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырған «Zhangyru» корпоративті оқыту» жобасының салтанатты ашылу рәсімінде Қозғалыстың кеңес төрағасы Мұхтар Манкеев мәлімдеді деп хабарлайды NUR.KZ.

Қозғалыс ұжымы осы уақытқа дейін (18-29 қыркүйек арасында) «Zhangyru» корпоративті оқыту» жобасына еліміздің әр өңірінен үміткерлердің құжаттарын онлайн режимінде қабылдаған болатын. Қабылданған құжаттар қазылар алқасының назарына ұсынылып, үміткерлердің ішінен 50 қатысушы іріктеліп алынды.

Іріктелген 50 қатысушы енді Астанада 15 күн қатарынан оқып, «Жеке көшбасшылық», «Бизнес», «Үкіметтік емес ұйымдар» модульдері бойынша білім алатын болады.

«Біз ұсынған бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, қатысып отырғандарыңызға ризашылық білідіремін. Жобаға қатысу арқылы өздеріне мақсат қоя білуді, стратегиялық жоспар жасауды, тұлға ретіндегі сапалық деңгейін көтеру жолдарын, жобаларды басқарудағы заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік аласыздар. Жобаның міндеті ретінде қатысушылардың кәсіби дағдылары мен көшбасшылық мүмкіндіктерін және біліктілігін арттыруды ерекше атап өтер едім.

Осындай қажетті жобаға қолдау білдірген әлеуметтік жобаларды дамытуға арналған «Samruk Kazyna Trust» қорына ризашылығымды білдіргім келеді. Қатысушылардың ішінен үздік бизнес-кейс жасаған үміткерлер «Geneva Business School Kazakhstan» АҚ тарапынан МВА грантын (1 орын) иеленсе, одан кейінгілері 75% (1 орын), 50% (1 орын), 25% (2 орын) жеңілдікпен МВА оқуға мүмкіндік алады», - деді Манкеев.

Айта өтейік, жобаға қатысушылар тегін оқитын болады. Тренерлер ретінде Еуропа мен АҚШ, Ресей тәрізді елдердің жоғары оқу орындарын ғылыми дәрежемен аяқтаған мамандар тартылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1635887-otandyq-biznes-pen-baq-okilderine-shve.html